Жаңалықтар

«Үйіміз көгеріп кетті»: Арыста тұрғындар әкімдікке шүйлікті

«Үйіміз көгеріп кетті»: Арыста тұрғындар әкімдікке шүйлікті / Фото: Дилара Иса
«Үйіміз көгеріп кетті»: Арыста тұрғындар әкімдікке шүйлікті / Фото: Дилара Иса

Түркістан облысы Арыс қаласындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілген үйден ши шықты. Бірдей қаздай тізілген үйлердің бірде бірінде жылу жоқ. Онда үй кезегінде тұрған 70 отбасы тұрады. Олардың ішінде әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылар да бар. Дегенмен жаңа үйге жыл толмай қабырғасы көгеріп, сыз тартқан. Тұрғындар қыстың суығында дірдектеп жатқандарын айтады.

«Үйді наурыз айында алдық. Мамыр айында көшіп келдік. Бірінші келгенімізде бұл жақта жарық та, су да жоқ болатын. Әкімшілікке барып жүріп, су, жарық жалғаттық. Үйді бізге әкімдік 100 жылға жалға берген. Ай сайын 13 мың теңге төлейміз. Үйдің тех парпортында жылу газ пешпен беріледі деп көрсеткен. Ал бізге тоқпен жылытатын пеш қойып кеткен», – дейді Ләйлә Сейдәзімова ашуға булығып.

Фото: Дилара Иса

Тұрғынның сөзінше, электр пеші жылу бермейді. Жығылғанға жұдырық, жарық жиі өшеді. Үй іші көгеріп кеткен. Әсіресе балалар ауыра бастаған. Ауруханаға түскендері де бар. Жарықтың бағасы да удай, айына 50-60 мың теңге төлем келеді. Оны қалтамыз көтермейді дейді. Олар әу баста үй құжатында көрсетілгендей газ тартып беруді сұрайды.

«Біздің талабымыз, мысалы, қазір ешбір үйде жылу жоқ. Орнатқан тоқ пештерін алсын, газ пешті қойсын. Газ әкелсе, кіргіземіз. Оның ақшасын өзіміз төлейміз. Мұнда мүгедектер, аз қамтылған отбасылар тұрады. Газ пешін алуға ешкімнің жағдайы жоқ», – дейді Ләйлә Сейдәзімова.

І-топ мүгедегі Гүлдана Қожабекова үй ішінде сырт киіммен жүргеніне налиды. Ол бұл үйді 10 жыл кезекте тұрыпалған.

Фото: Дилара Иса

«Осы тамға әрең дегенде қолымыз жетті. Тамның іші көгеріп тұр. Шатыры да дұыс жабылмаған. Боран келгендей үй ішінде жаурап-жасынап сырт киіммен жүреміз. Қазір тоқ пешті қосамыз. Пешті қосқан кезде мұздатқышты өшіремін. Бірін өшірсек бірін қосамыз. Сөйтіп күккөріп отырмыз», – дейді ол.

Тұрғындардың айтуынша, газды үй алдына әкелу құны – 125 мың теңге. Мұны төлеуге олар қарсы емес. Бірақ оны үйге кіргізіп, пеш алып қосуға әкімдік міндетті деп санайды. Өйткені құжатта солай көрсетілген дейді олар. Ал әкімдіктің уәжі бөлек.

Арыс қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Абай Қамбаров дәл осы үйлерге газ тарту үшін инвестор табылғанын жеткізді. Ол газ тартуға шыққан шығынды тұрғындар бөліп төлеуіне мүмкіндік берілгенін айтады. Оған қоса үйді салған мердігер компания 7 жылға кепілдік берген. Осы уақыт аралығында бүгінген жерлерін жөндеп береді деп сендіреді. Ал компания оған көнбесе сотпен міндеттейміз деді әкімдік өкілі.