
Ресейлік Wildberries маркетплейсі платформасындағы сатушыларды жалпыға бірдей белгіленген режимге ауысуға міндеттеді. Бұл жайлы Uchet.kz жазады.
Жаңа Салық кодексі бойынша, жеңілдетілген салық режимін қолданатын тұлғалардан алынған тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге жұмсалған шығындарды корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде ескеруге болмайды.
Яғни бұрын компания жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерден қызмет немесе тауар алса, оған салық салмайтын. Мәселен, 10 млн теңге табыс тауып, оның 2 млн теңгесі шығын болса, онда салық тек 8 млн теңгеден есептелетін.
Ал енді компания жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерден тауар немесе қызмет сатып алса да, оны шығын деп есептемей салық салынады. Яғни 8 емес 10 млн теңгеге тұтас салық алады.
Осыған байланысты, Wildberries жеңілдетілген режимді қолданатын сатушылардан 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей белгіленген режимге ауысуды сұрады.
Айта кетейік, жеңілдетілген режимнен жалпыға бірден белгіленген режимге ауысу үшін салық органдарына хабарлама жіберу қажет. Мұны орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде тапсыруға болады, сондай-ақ онлайн – салық төлеуші кабинеті, eGov.kz немесе E-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырады.
Ескерте кетейік, егер салық төлеушілер 2026 жылдың 1 наурызына дейін салық режимін өзгерту туралы өтініш бермесе, олар автоматты түрде жалпыға ортақ режимге ауыстырылады.
Салық кодексі күшіне енгеннен кейін жаңа жылдан бастап барлық дерлік салықтың төлеу тәртібі мен мөлшері өзгереді. Ол жайлы толығырақ мына жерден оқи аласыз.