Беларусь оппозициясының өкілі Мария Колесникова бостандыққа шықты

Беларусь оппозициясының жетекшілерінің бірі Мария Колесникова түрмеден бостандыққа шықты. Ол 2020 жылғы Беларусь президенті сайлауының нәтижесіне қарсы өткен наразылықтардан кейін ұсталып, 2021 жылы 11 жылға сотталған еді.
ВВС ақпаратына сүйенсек, Колесникова бостандыққа шыққаннан кейін әпкесі Татьяна Хомичпен сөйлескен. Ал беларусь оппозиционері Виктор Бабариконың командасының өкілі Игорь Кравцовтың айтуынша, Колесникова қазір Беларусьтен тыс жерде.
Тағы кім босап шықты?
Сондай-ақ, 2022 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты болған Алесь Беляцкий де бостандыққа шықты. Құқық қорғаушы түрмеде 4,5 жыл отырған.
Сенбі күні Беларусь президенті Александр Лукашенко барлығы 123 сотталған адамға рақымшылық жасады. Олардың қатарында «тыңшылық, терроризм және экстремистік қызмет» үшін сотталған, соның ішінде шетел азаматтары да бар.
Украина президенті Владимир Зеленский рақымшылыққа іліккендердің арасында бес украин азаматы бар екенін хабарлады.
Бостандыққа шыққандардың нақты тізімі әзірге жарияланған жоқ.
Не үшін босатты?
«Пул Первого» арнасының дерегінше, Лукашенко бұл азаматтарды АҚШ президенті Дональд Трамптың өтініші бойынша босатқан. Есесіне Трамп Беларусьтің калий өнеркәсібіне қарсы санкцияларды алып тастауы және елге қарсы өзге де санкциялардың күшін жою үдерісіне көшуі қажет.
Қарашаның соңынан бері Лукашенко барлығы 156 адамды босатты. Олардың ішінде Ұлыбритания, АҚШ, Литва, Украина, Аустралия және Жапония азаматтары бар.
Мария Колесникова деген кім?
Мария Колесникова бастапқы да 2020 жылы Беларусь президентінің сайлауына тіркелмек болған қаржыгер Виктор Бабариконың штабын басқарған. Алайда сайлауға жетпей Бабарико қамауға алынды. Одан бөлек, сайлауға қатысуға үмітті болған блогер Сергей Тихановский де қамалды.
Бұл шешімге келіспеген Тихоновскийдің әйелі Светлана Тихановская сайлауға үміткер болып тіркеліп, Колесникова оның штабына қосылды. Беларусь сайлау комитетінің деректеріне сәйкес, сайлауда Лукашенко жеңіс жетіп, Тихановская елден кетті.
Тамызда өткен сайлаудан кейін елде жаппай наразылық акциялары басталып, Мария Колесникова оның символына айналған. Қыркүйекте ол бірнеше күнге жоғалып кеткен. Оны Беларусь құқық қорғау органдары күшпен елден шығарып жіберуге тырысқан. Алайда Колесникова Беларусь-Украина шекарасында төлқұжатын жыртып, көліктен секіріп түсіп қалған. Содан кейін қамауға алынып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған еді.