
Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын вирустық инфекция. Ол Еуропа мен Азияның көптеген өңірінде, соның ішінде Қазақстанның кей аймағында да кездеседі. Инфекцияны кенелер қоздырады. Кене шаққаннан кейін белгілер бірден пайда болмайды: инкубациялық кезең көбіне 7-14 күн, ал кейде 28 күнге дейін созылуы мүмкін.
Қалай жұғады?
Негізгінен инфекция кене шаққаннан жұғады. Олар адамның терісіне жабысып, вирусты жұқтырады. Көбіне орман, табиғи аймақтарда жұқтыру қаупі жоғары. Кейде вирус инфекция жұққан ешкі, қой не сиырдың шиік сүтін ішкенде берілуі мүмкін.
Көбіне қай жерде жұғады?
Қазақстанда кене энцефалитінің табиғи ошақтары ретінде Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы мен оның маңы саналады.
Адам қалай ауырады?
Көп жағдайда ауру екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – тұмауға ұқсас кезең. Ол сегіз күнге дейін созылады. Адамның қызуы көтеріліп, басы, бұлшықеттері ауыра бастайды.
Одан кейін екінші кезеңі басталады. Ол кезде орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Бұл кезде менингит, энцефалит, сал ауруы дамуы мүмкін. Адам бұл аурудан өліп кетуі мүмкін. Аман қалғандардың 20-40%-ында неврологиялық бұзылыс болады. Ауруға шалдыққандардың жартысынан сәл көбі ғана толық сауығады.
Кене энцефалитіне қарсы арнайы ем жоқ! Сондықтан вакцина салдыру қажет.
Қаншалықты жиі тіркеледі?
Елде жылына орта есеппен ондаған жағдай тіркеледі. Кене шаққан адамдардың аз бөлігінде ғана ауру асқынады. Мысалы, 2018 жылы кене шаққаны туралы 10 мыңнан астам адам хабарлаған, олардың 35-інде кене энцефалиті анықталған.
Соңғы деректерге сүйенсек, 2024 жылы 30 жағдай, ал 2025 жылдың маусымына дейін 17 жағдай тіркелген.
Кімдерге вакцина салдыру ұсынылады?
Кене энцефалитіне қарсы вакцинация міндетті екпелер күнтізбесіне кірмейді, яғни белгілі бір қауіп тобындағы адамдарға ғана ұсынылады. Медициналық және ғылыми ұйымдар осы санаттағы адамдарға екпе салдыруды ұсынады:
Эндемиялық аймақ тұрғындары. Қауіп жоғары өңірлерде тұратындарға жеке қауіпсіздік үшін вакцина салдыру ұсынылады.
Орманда немесе табиғатта жұмыс істейтін азаматтар. Орманшылар, геологтар, қорық қызметкерлері, дала оқу-жаттығуына қатысатын әскери қызметкерлер, аңшылар, және т.б.
Белсенді демалысты ұнататындар. Туристер, жаяу жорыққа шығатындар, кемпинг, балық аулау, орман-парк аймағында пикник жасайтындар, жидек пен саңырауқұлақ терушілер, саяжай иелері.
Эндемиялық елдерге саяхаттайтындарға алдын ала вакцина салдырған дұрыс.
Қашан екпе салдырған дұрыс?
Қазақстанда кене көктемде шығады. Сондықтан дәрігерлер қыс мезгілінде немесе ерте көктемде вакцина салдыруды ұсынады.
Стандартты вакцина 3 дозадан тұрады:
1-дозаны салдыратын күнді өзіңіз таңдайсыз, екінші бөлігін бір не үш ай аралығында салдыруға болады. Ал соңғы бөлігін екінші дозадан 5-12 ай өткенде салдырған жөн.
Үш дозасын алғаннан кейін вакцинаның күші бірнеше жыл сақталады. Содан кейін бәсеңдейді. Сол себепті үш жылдан кейін қайта салдырады. Әрі қарай әр бес жыл сайын ревакцинация жасау қажет.
Вакцина тиімділігі қандай?
Қазіргі вакциналар өте тиімді: зерттеулер бойынша 99% қорғайды. Мысалы, Австрияда 1980-жылдардан бастап жаппай вакцинация нәтижесінде ауру шамамен 99% азайған. Балтық елдерінде де қорғаныс деңгейі 97%-дан жоғары болған.
Қазақстанда қандай вакциналар бар?
ТикоВак – тиімділігі жақсы зерттелген еуропалық вакцина. Оның балаларға және ересектерге арналған екі түрі бар.
ЭнцеВир – ересектерге арналған ресейлік вакцина. Оның ЭнцеВир Нео деген дозасы төмен түрі бар, оны балаларға салдыруға болады.
Энцепур – неміс вакцинасы, сирек кездеседі, бірақ Қазақстанда тіркелген.