«Айтқан жоқпын»: Индира Елемес сазгер Дүйсенов қазасына қатысты дау туралы

Жарияланды 14 Желтоқсан 2025 15:35

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Әнші Индира Елемес
фото: Youtube-тегі Ruslanutepbai арнасындағы видеодан скриншот

Қазақ эстрадасының әншісі Индира Елемес марқұм Арман Дүйсеновтің қазасына қатысты сауалдарға жауап беріп, сазгердің туыстарымен арадағы даудың қайдан шыққанын түсіндіруге тырысты.

Тар бөлмені көрсеткісі келмеді

Осыған дейін Дүйсеновті еске алуға арналған бірнеше ток-шоуға қатысқан Елемес бұл жолы журналист Руслан Өтепбайдың youtube-тегі подкастына келді.

Бір күн бұрын жарияланған сұхбатта әнші Алматыда жеке студиясы болғанын, ол бұрынғы күйеуіне тиесілі зауыттың астыңғы қабатында орналасқанын айтты. Шамамен 1,5 сағатқа созылған әңгімеден түсінгеніміз, сазгер Арман Дүйсенов «алты айдан көп уақыт» сол студияға жақын маңда хостел сияқты ғимараттағы бөлмеде тұрған. «Ауыр күйзеліске түскен» марқұм өмірінің соңғы күндерін сонда өткізген.

Жақында Индира Елеместі жергілікті телеарналардың бірінің «Астарлы ақиқат» бағдарламасына шақыртқан. Бастапқыда әнші ол шоуға барғысы келмегенін айтты.

«Не үшін бару керекпін? Бармаймын. Өзінің отбасы, әйелі бар. Солар айтсын», – деп түсіндірді эфирге шығудан бас тарту себебін әнші.

Дегенмен, көпшіліктің үгіттеуімен, ол әлгі зауыттағы студияға сұхбат беруге барған. Арна тілшісі сазгердің қазасы туралы сұрақтар қойып, Дүйсенов қайтыс болған бөлмені көрсетуді сұраған.

«Кішкентай бөлме. Жағдайы онша емес. Қай жерде тұрғанын көрсеткім келмейді деп айттым», – деді Елемес.

Қарғыс қайта айналып өз иесін тапса…

Содан кейін әнші «Астарлы ақиқат» студиясына да барған. Ток-шоу үшін түсірілген сюжетте «студияда жан тапсырған марқұм» сөз тіркесі айтылып, ән жазуға арналған орын жертөледе орналасты деп сипатталған.

Бағдарлама эфирге шыққан соң әншіге марқұмның жесірі Айсұлу Айданқызы хабарласып, ренішін жеткізген.

«Мен сені демім біткенше қарғап өтем деді. Байқаңыз, қарғыс қайта айналып өз иесін тапса, жаман болады дедім де телефонды тастай салдым. Нөмірін блоктадым», – дейді Индира.

Жақында ғана Айсұлу күйінің қазасы туралы көлемді сұхбат беріп, сол жерде әншіге ренішін де жайып салған. Содан кейін ғана даулы мәліметтерді жоққа шығаруға көшкен Елемес әлі де ақталуға тырысып жүр.

«Мен оның қатты дауға ұласып кететінін білген жоқпын. Ақталғым келген жоқ, өйткені мен айтқан жоқпын«, – дейді әнші.

Дегенмен Индира екіұшты сюжет эфирге шыққан уақытта-ақ даудың ара-жігін ажыратып алмағаны үшін өзін кінәлімін деп есептейді. Дегенмен ол телеарнаның үстінен арыз түсіргенін хабарлады.

Бұған дейін әнші әлеметтік желіге «жақсылық жасаймын деп ғайбатқа ұшыраймын деп ойламаппын» деп жазған.

Арман Дүйсенов 2023 жылғы 24 қаңтарда қайтыс болды. 49 жасында үзілген қазақ сазгерінің қазасына қатысты жайттар биыл ғана айтылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз