Алматы полициясы пәтерде қарасора өсірген тұрғындарды ұстады (видео)

Алматы полициясының арнайы жасағы көп қабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде қарасора өсірген екі тұрғынды ұстады. Олар қарсылық көрсеткен. Бұл туралы Kursiv.Media ІІМ мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Қарсылық көрсеткен
Құқық қорғау мекемесінің қызметкері пәтерде қолдан жасалған фитозертхана бар екені туралы мәліметті тексеруге барған. Алайда ішіндегі екі адам қарсылық көрсетуге әрекеттенген. Қызметкер арнайы жасақ шақыртуға мәжбүр болған.
«Оқиға орнына Алматы қаласы Наурызбай ауданы полиция басқармасының тергеу-жедел тобы келіп, деректі тіркеді, арнайы жабдықтар мен өсімдіктерді тәркіледі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады», – деп таратты polisia.kz.
Екі күдікті де ұсталды.
Қылмысын мойындады
Полиция жариялаған видеодан қарасора пәтердің бірнеше жерінде өсіп тұрғанын көруге болады. Күдікті зертханамен айналысып жатқанына екі ай болғанын, мұндай әрекетке заң тыйым салғанын білетінін мойындаған.
«Есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген факті анықталып, уақыты мен мән-жайына қарамастан қатаң түрде жолы кесіледі», – деп ескертті Алматы полициясы арнайы жасағының командирі Азамат Исергужин.
Бұған дейін Kursiv.Media есірткі сатқан медбике 10 жылға сотталғаны туралы жазған. Оның алдында арнайы қызмет халықаралық есірткі саудасымен айналысқан 12 қазақстандықты ұстаған.