
Әлемдегі ең ауыр зымыран тасығыштардың бірі – «Протон-М» Байқоңыр ғарыш айлағынан 15 желтоқсанда ұшырылады деп жоспарланған. Алайда оған бір күн қалғанда ұшыру уақыты өзгерді. Бұл туралы Kursiv.Media «Роскосмос» мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Зымыранда ақау бар
Ресейлік корпорация мәліметінше, «Протонды» ұшыруға даярлау барысында «жүйелердің бәрін тексеру кезінде зымыранның жылдамдық арттыру блогында ақау анықталды». Соған байланысты зымыран тасығышты ұшыру кейінге шегерілді.
Дегенмен «Роскосмос» ұшу уақытының өзгеруі ғылыми бағдарламаны жүзеге асыруға әсер етпейді – көздеген «мақсаттардың бәрі орындалады» деп отыр.
«Қай бағытты жұмыс істеу керектігі анық. Қажетті әрекеттер орындалған соң зымыран тасығышты дайындауды тәртіпке сай дайындауды жалғастырамыз», – дейді «Роскосмос» бас директорының орынбасары Иван Данилов.
Алайда «Роскосмос» зымыран тасығышты ұшыру қай уақытқа белгіленгені туралы мәлімет жарияламады.

Ауыр Протон зымыраны туралы
«Роскосмос» мәліметінше, мемлекеттік комиссия 12 желтоқсанда «Протонды» ғарыш айлағына шығаруға рұқсат берген. Жұма күні таңертең ғарышқа жүк тасығыш Байқоңыр айлағындағы № 81 ұшыру алаңына қарай жылжыды.
Мамандар биіктігі 58 метр, салмағы 700 тонналық зымыранды дайындай бастады. «Протон-М» ғарышқа «Электро-Л» №5 спутнигін алып шығады. Бастапқыда корпорация оны 15 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 17:20-да ұшыруды жоспарлаған. Әлемдегі ең ауыр зымырандардың бірі Хруничев орталығында дайындалған.

«Электро-Л» №5 — ауа райын тәулік бойы бақылайтын гидрометеоролия спутнигі. «Росгидромет» соның көмегімен ғарыштан түсірілген Жер суретін әр 15-30 минутта алып отырады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қарашаның аяғында Байқоңыр ғарыш айлағының ұшу алаңы қатты зақымданған. Сол кезде мамандардың кейбірі айлақты жөндеуге екі жылдай уақыт керек екенін айтқан.
9 желтоқсанда Kursiv.Media Союз ғарыш кемесі Жезқазған маңына қонғаны туралы жазып, суреттер жариялаған.