Бас сақинасы: себебі, белгілері және емдеу тәсілдері

Жарияланды 14 Желтоқсан 2025 23:25

Анфиса Родионова

Анфиса Родионова

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Жасанды интеллект көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор: Юлия Петрова
Жасанды интеллект көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор: Юлия Петрова

Көз алдында шеңберлер пайда болады. Науқас өзін бәз бір калейдоскопқа қарап тұрған сияқты сезінеді. Тіпті әлсіз дыбыстың өзі құлаққа жай соққандай әсер етеді. Бас ауруы қас пен қабақтан басталып, желкеге дейін жетеді. Бас сақинасы немесе мигрень осылай сезілуі мүмкін. Ол – әлемнің әрбір жетінші тұрғыны зардап шегетін созылмалы ауру.

Осы материалда, невролог Елена Марченкомен бірге, мигренді қалай тануға болатынын, оны не тудыратынын біліп, ауру сезімін тоқтату мен шаншуды азайту жолдарын үйренеміз.

Бас сақинасы неден пайда болады

Мигрень кез келген жастағы адамда, тіпті балаларда да кездеседі. Көбіне 25-тен 55 жасқа дейінгі адамдарда жиі болады. Ал қыздарда көбіне бой жетіп, толысқан уақытта басталады.

Ауру кең таралғанына қарамастан, ғалымдар әлі мигреннің нақты себебін анықтаған жоқ. Дегенмен беттегі үш тармақ жүйке жүйесі мен CGRP-ақуыздарының қатысы бары белгілі.

«Қазір зерттеушілер мигренді генетикалық ауру деп есептейді. Яғни, сақинасы ұстайтын адамда бір немесе бірнеше генде ақау бар. Ол ата-анадан немесе ұрпақ арқылы — әже мен атадан беріледі. Ақауы бар гендер үш тармақ жүйке жүйесі жұмысын бұзады, сонымен бірге CGRP-ақуыздардың шамадан тыс бөлінуін қоздырады. Бірақ осының бәрінің бір-бірімен қалай байланысты екенін ғалымдар әлі анықтауы керек», — дейді Марченко.

Ауру белгілері мен үдеу кезеңдері

Мигрень — кенеттен пайда болатын бас ауруы емес, бірнеше үдеу кезеңінен тұратын күрделі процесс. Олардың әрқайсының өзіне тән белгілері бар.

1-кезең. Бастапқы кезең — ұстама қарсаңындағы белгілер

Ауырсынудан бірнеше сағат немесе бір күн бұрын ағза ұстаманың жақындағанынан хабар бере бастайды. Мұндай белгілер науқастардың көбіне таныс, бірақ бәрі бірдей оның бас сақинасы екенін ажырата бермейді.

  • Себепсіз шаршау, ұйқышылдық;
  • Не болса содан тітіркену немесе, керісінше, көтеріңкі көңіл-күй (эйфория);
  • Мойын бұлшықеттерінің кернеуі және қатаюы;
  • Жиі есінеу;
  • Белгілі бір тағамға құштарлық, мысалы, тәтті немесе тұздыға;
  • Жарық пен дыбыстарға жоғары сезімталдық;
  • Ойлаудың өзі қиындап, зейін төмендейді.

2-кезең. Аура немесе сезім мүшелерінің дұрыс жұмыс істемеуі (науқастардың бәрінде бола бермейді)

Ол 5 минуттан 60 минутқа дейін созылатын, әдетте ауырсынудан бұрын пайда болатын қайтымды неврологиялық белгілер. Науқастардың шамамен 20–30%-ында кездеседі.

Жиі кездесетін белгілері:

  • Көру бұзылады: көз алдыңда себепсіз жарқырау, жарқылдар, соқыр дақтар, көздің бұлдырауы;
  • Сезу қасиеті бұзылады: саусақ ұшынан бастап қолға, бетке және тілге дейін ұйып, шаншу ұстайды;
  • Сөйлеу бұзылады: сөз таңдай алмай қиналасың, түсініксіз сөйлейсің;
  • Қозғалыс бұзылады — ауаның сирек түрі, қол мен аяқтан күш кетіп, қозғала алмай қаласың.

Аура басылады, бірақ оның кенеттен пайда болуы басқа да жүйке ауруларын тудырмас үшін дәрігерге қаралу керек.

3-кезең. Бас ауруы

Осы кезде ауырсыну үдей түседі. Оның сипаты әр адамда әртүрлі болуы мүмкін.

Ауырсыну сипаты мен орны:

  • Жүрек соғысы анық сезіліп, кейде басқа қысым түсіреді;
  • Көбіне бастың бір жағы, кейде ғана екі жағы бірдей ауырады;
  • Дененің кез келген белсенділігінде, еңкейгенде ауырсыну күрт күшейеді.

Қосымша белгілері:

  • Жүрек айну, кейде құсу. Бұдам адам уақытша ғана жеңілдейді;
  • Жарықтан қорқу;
  • Дыбыстан қорқу;
  • Түрлі иіске сезімтал болу;
  • Терінің бозару, жаурау.

4-кезең. Мигреннің басылу кезеңі (постдром)
Қатты бас ауруы басыла бастағанда науқан та жаймендеп есін жинайды. Бірақ ол бір тәулікке дейін созылуы мүмкін.

Осы кезеңге тән сезімдер:

  • Қатты шаршау, әлсіздік;
  • Зейіннің төмендеуі, тежелу;
  • Бұлшықет әлсірейді;
  • Бас сезімтал болады;
  • Мойын қатаяды;
  • Кірбің, шаршау (кейде ғана эйфория сезімі пайда болады);
  • Ұйқышылдық.

Триггерлер: ұстаманы не қоздырады

Мигрень — жүйелі ауру, ұстаманы триггерлер қоздырады. Оларды бірнеше негізгі топқа бөледі.

Тамақтан

Мұндай триггер белгілі бір заттардың тамырға, жүйке жүйесіне әсерімен байланысты.

  • Кофеин. Парадокс: ұстаманы кофеиннің артық мөлшері де, одан кенет бас тарту да қоздыруы мүмкін;
  • Алкоголь. Әсіресе сақинасы барлар қызыл шарапты триггер деп атайды, бірақ басқа алкоголь де ұстама тудыруы мүмкін.

Басқа да өнімдердің ұстама қоздыратыны туралы әртүрлі пікір бар. Кейде адамдар шоколадтан, сүт өнімдерінен, тирамин, натрий глутаматы және нитраттар қосылған өнімдерден бас тартады. Дегенмен тамақтың мигрень триггері болуы мүмкін екенін растайтын деректер жеткіліксіз.

Сонымен қатар, шоколад сияқты кейбір өнімді триггер деп қате қабылдайды, ал шын мәнінде оған құштарлық миграннің бастапқы кезеңінің белгісі болуы мүмкін.

Өмір салтына қатысты факторлар

  • Стресс және күйзелістен кейінгі релаксация;
  • «Стресс өздігінен жүйке жүйесінің жұмысын бұзып, үш тармақ жүйке жүйсінің «тітіркенуі» арқылы сақинаны қоздыруы мүмкін. Бірақ стресс кезінде ағза ресурс жинап, ауырсынуды басуы да ғажап емес. Кернеу басылғанда, күйзеліс реакциясы «қайтады»: кортизол мен адреналин төмендейді, тамырлар тонусы өзгереді, ауырсынуға қарсы жүйелер басылады — осының бәрі мидың триггерлерге сезімталдығын туғызады. Осылайша күйзелістен кейінгі сақина деп аталатын құбылыс пайда болады:
  • – ми қыртысы нейрондары қозады;
  • – үш тармақты жүйке жүйесі белсенеді;
  • – қабыну нейропептидтері (мысалы, CGRP) көбірек бөлінеді», — дейді Елена.
  • Ұйқының ретсіздігі. Оның жетіспеушілігі, артықтығы немесе режимінің бұзылуы мидағы сақинаға жауапты жолдарға тікелей әсер етуі мүмкін. Адамдардың кейбірі ұзағырақ ұйқы (мысалы, демалыста төсекте жату) ұстама қаупін күшейтеді дейді. Ұйқы режимінің өзгеруі немесе күндізгі ұйқы солай әсер етеді;
  • Тамақтану уақытын өткізіп алу ми қуатының негізгі көзі саналатын қандағы глюкоза деңгейін төмендетеді;
  • Ағзада судың азаюуы. Суды аз ішудің өзі қан көлемі мен тамыр тонусына әсер етіп, содан да адам ауырады.

Гормоналды өзгерістер

Эстроген деңгейінің ауытқуы — әйелдерде сақинаның ер азаматтарға қарағанда үш есе жиі кездесуінің негізгі себептерінің бірі.

  • Етеккір. Мигрень етеккірден екі күн бұрын немесе алғашқы үш күнде пайда болады, өйткені сол кезде эстроген деңгейі күрт төмендейді;
  • Менопауза. Гормондар деңгейінің күрт өзгеруі менопауза алдында мигрень ұстамаларын қоздыруы мүмкін. Дегенмен менопаузадан кейін ұстамалар сиреуі мүмкін;
  • Жүктілік және босанудан кейінгі кезең мигрень ағымына әсер етуі мүмкін.

Сыртқы орта

  • Жарық немесе жарқылдар: компьютер экраны, күн жарқылдары, клубтағы стробоскоптар — мұның бәрі көру қыртысына шамадан тыс жүк түсіріп, әсіресе аурасы бар адамдарда ұстама қоздыруы мүмкін;
  • Өткір иістер. Парфюмерия, еріткіштер, темекі түтіні, бояу иісі ағзадағы иіс рецепторлары арқылы үш тармақ жүйке жүйесіне әсер етеді;
  • Ауа райының өзгеруі. Атмосфера қысымның құбылуы, ыстық, жоғары ылғалдылық немесе желдің күшеюі тамыр тонусына және науқастың психикасына әсер етіп, сезімтал адамдар үшін триггерге айналуы мүмкін.

Триггерлерді анықтау үшін дәрігерлер мигрень күнделігін жүргізуді ұсынады. Оған ұстама күнін, соның қарсаңындағы оқиғаларды, жеген тамақты, етеккір циклі мен ауа райын жазыңыз. Осы факторларды анықтап, солардан аулақ болу арқылы сақинаның ұстауын азайтуға болады. Күнделікті дәптерде, телефондағы арналған арнайы қосымшаларда немесе Telegram ботта жүргізуге болады.

Ұстамамен қалай күресу керек

Қазақстанда ұстаманы тоқтату үшін бірнеше препарат қолданылады. Қай дәріні қолдансаңыз да, оны мүмкіндігінше ерте ішу маңызды — ұстама немесе аура басталғаннан кейінгі алғашқы 30–60 минутта препарат қабылдау оның тиімділігін айтарлықтай арттырады.

Ауырсынуды басатындар

Ибупрофен, парацетамол, напроксен бас сақинасымен жақсы күреседі. Бірақ препараттарды тым жиі қолданса, бас аурудың басқа бір түрі, яғни ауру сезімін басатын дәрілерді шамадан тыс қолданудан туындаған созылмалы кесел басталуы мүмкін. Әдетте оны тоқтату қиынға соғады.

Ауру басатын дәрілерді айына 15 реттен жиі қолданбаған дұрыс.

Триптандар

Триптандар — мигреньге қарсы дәрілер тобы. Ол ауру симптомдарын жеңілдету үшін қолданылады. Оларға суматриптан, элетриптан, ризатриптан және золмитриптан жатады.

Бір триптан көмектеспесе немесе жанама әсерлер тудырса, басқасын көріңіз. Өзіңізге сәйкес келетінін тапқанша алмастырыңыз. Ауруды басатын дәрі сияқты, триптандарды тым жиі қабылдау бас аурудың тағы бір түріне әкелуі мүмкін. Соның қаупін азайту үшін аптасына екі күннен жиі қабылдамаңыз.

Атогепанттар

Дәрінің осы түрі мигренді емдеуге, алдын алуға арналған. Атогепанттар ұстаманы тоқтату және профилактика үшін қолданылады. Әзірге Қазақстанда бұл препараттарды сатып алу мүмкін емес.

Дәрілерден басқа не көмектесе алады

Препараттардан басқа, жағдайды жеңілдету үшін тағы бірнеше шараны көруге болады. Бірақ олардың бәріне бірдей сәйкес келе бермейтінін түсінген жөн.

  • Қараңғы тыныш бөлмеде демалыңыз. Мигрень ұстамасы кезінде адам қатты шаршап, жарық пен шуға сезімтал болуы мүмкін. Істің бәрін тастап, төсекке жатыңыз, сөйтіп ағзаны шамадан тыс тітіркенуден сақтаңыз. Ол үшін ұйқы маскасы мен құлақты жабатын тығын киюге болады;
  • Дәрі қабылдағаннан кейін ұйықтауға тырысыңыз. Кейде ұйқы ұстаманы тоқтатуға немесе симптомдарды азайтуға көмектеседі;
  • Суық компресстерді, мысалы, мұз пакеттері немесе дымқыл сүлгі қолданыңыз. Мигрені бар адамдардың кейбірі суық басқанда ауру басылады дейді;
  • Көбірек сұйықтық ішіңіз. Ағзада судың аз болуы мигрень ұстамаларын күшейтуі мүмкін. Кейбіреуіне кофеині бар сусындар — кофе немесе кола көмектеседі. Бірақ кофеинді тым көп ішпеңіз — кейде ол ұстаманы күшейтуі мүмкін;
  • Тәбетіңіз бен күшіңіз болса, тамақтаныңыз. Жүрек айнып немесе құссаңыз, тамақ жеудің қажеті жоқ. Бірақ жеңіл бірдеңе жеңіз. Өйткені тамақ уақытын өткізіп алу ұстаманы күшейтуі мүмкін;
  • Жеңіл ғана дене белсенділігі. Қарқынды жаттығулар немесе тіпті қарапайым қозғалыс сақина қозғанда науқас жағдайын нашарлатуы ғажап емес. Бірақ кейбіреулерге жеңіл жаттығулар, созылу және йога көмектеседі. Күшіңіз болса, таза ауаға шығыңыз, тыныштықта серуендеңіз;
  • Бас және мойын массажын жасаңыз. Мойын ауруы сақина басталғанда жиі кездеседі. Кейбір адамдар массаж көмектеседі дейді;
  • Қарапайым релаксация әдістерін қолданыңыз. Стресс те мигрень триггері. Денені бос ұстау сақина симптомдарын азайтуға және ұстамамен күресуге көмектеседі. Қарапайым ғана нәрселер, мысалы, жылы ванна, жағымды сусын немесе тыныш музыка.

Көмегі жоқ әдістер

Әдістердің кейбірін жиі ұсынғанымен, олардың сақинамен күресуге көмегі тимеуі, тіпті жағдайды нашарлатуы мүмкін.

Комбинациялық препараттар

«Науқастардың көбі цитрамон ішеді, бірақ дәрі құрамында шынымен көмектесе алатын зат өте аз. Яғни, препарат науқасқа әсер етсе де, ұстаманы 100% тоқтатпайды, тек аздап төмендетеді, бірақ ауырсыну сақталады. Содан науқас тағы бір дәрі, содан кейін тағы бір дәрі ішеді. Осылайша препаратқа тәуелді болып қалады. Цитрамон сияқты басқа да тиімсіз дәрілерге спазмалгон және пенталгин жатады», — дейді Елена Марченко.

Ине қою

Ине алудың тиімділігі ғылыми зерттеулермен расталмаған. Шын мәнінде, инелер терідегі беткі рецепторларды ғана тітіркендіреді.

«Көбісі ине алу көмектесті деп айтады. Бірақ бұл бір ауру сезімін екіншісімен алмастыру ғана. Адам сақина емес, инеден ауырсынады. Сондықтан жеңілдедім деп ойлайды. Бірақ, шын мәнінде, инеден тітіркену басылғанда бас ауруы сол қарқынмен қайта оралады. Осы әдістің салдары туралы ешқандай зерттеу жоқ», — деп түсіндіреді Елена.

Мануалды терапия және остеопатия

«Мұндай тәсілдер сақинаға жауапты үш тармақты жүйке жүйесіне ешқандай әсер етпейді, яғни ауруда да баса алмайды. Сонымен қатар, мұндай тәсілдер кезінде омыртқааралық грыжа және протрузия сияқты асқынулар жиі пайда болады», — деп қосты Елена.

Препараттың тым төмен дозасы

Кейде мигрені бар адам парацетамол немесе ибупрофенмен ұстаманы тоқтатуға тырысады, бірақ тым төмен дозаны қабылдайды. Қатты ауырып тұрғанда аз мөлшер көмектеспейді — балалар дозасы ғой. Содан науқас препарат тиімсіз екен деп ойлап, күштірек дәрілерге көшеді.

Аурудың алдын алу

Бастың сақинасын емдеуде оның алдын алу да маңызды. Жүйке жүйесін ауру қоздыратын триггерлерге төзімдірек ететін бірнеше әдіс бар. Жарамды препаратты тек дәрігер ғана таңдайды. Маман әдетте сіздің жеке ерекшелігіңізге, өмір салтыңызға мән береді.

Дәрінің көмегімен аурудың алдын алу

Препараттарды ұстама кезінде емес, тұрақты қабылдау керек. Курс бірнеше айға созылуы мүмкін.

  • Бета-блокаторлар (пропранолол, метопролол);
  • Антиконвульсанттар (топирамат, вальпроий қышқылы);
  • Антидепрессанттар (амитриптилин, венлафаксин);
  • Моноклон антиденелер (эренумаб, фреманезумаб) — мигрень ауруының негізгі медиаторы CGRP ақуызын блоктайтын препарат;
  • Ботулотоксин — бастағы нүктелерге инъекция.

Препараттардан басқа, өмір салтына назар аудару маңызды: жақсы ұйықтау, дұрыс тамақтану, қозғалысты көбейту, сондай-ақ күйзелістен аулақ болу.

Триггерге реакцияны төмендету үшін психотерапия да қолданылады. Ұстама кезінде немесе келесі ұстама алдында алаңдауды басатын әдістер бар.

Дәрігерге қашан бару керек

Адамдардың көбі ауруға жылдар бойы шыдайды, бірақ неврологқа баруды қажет ететін нақты белгілер бар.

  • Ұстамалар айына 2–3 рет немесе жиірек болады;
  • Ауру сезімін басатын дәрілер көмектеспейді немесе дозаны үнемі арттыруға мәжбүрсіз;
  • Бас ауруы сипатын күрт өзгертеді немесе жай соққандай әсер етеді;
  • Алаңдатарлық белгілер байқалады: сөйлеу бұзылады, аяқ-қолдағы әлсіздік, сананың шатасуы, жоғары температура;
  • Аурудан түнде оянасыз немесе таңертең ұйқыдан тұрғанда басталады.

Бастың жиі ауруы — дұрыс емес. Маманға бару — емнің бірінші қадамы.

Бас сақинасы өмірдің барлық аспектілеріне әсер етеді, тіпті кейде адамның қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен айырады. Дегенмен дұрыс және дер кезінде жасалған диагностика, жарамды ем, жақсы өмір салтының көмегімен аурудың осы түрінен де арылуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз