Бибосынов, Асылқұлов және Жүсіпов бокстан әлем чемпионы атанды

Қазақ боксшылары Сәкен Бибосынов, Оразбек Асылқұлов және Абылайхан Жүсіпов Дубайда аяқталған әлем біріншілігінде чемпион атанды. Финалға шыққан Сабыржан Аққалықов күміс жүлдені місе тұтты.
Біріккен Араб Әмірліктерінде IBA өткізген әлем чемпионатының финалында өнер көрсеткен төрт қазақ боксшысының үшеуі бірінші орынға көтерілді.
Чемпиондар
54 кг салмақ дәрежесінде Сәкен Бибосынов ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңді. Осылайша қазақ жігіті әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Сәкен 2021 жылы Белградтағы (Сербия) біріншілікте топ жарған.
Оның алдында рингке көтерілген Оразбек Асылқұлов (57 кг) тәжік боксшысы Хусравхон Рахимовты тізе бүктірді. Жекпе-жек 5:0 есебімен қазақ боксшысының жеңісімен аяқталды.
71 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Абылайхан Жүсіпов те ресейлік Сергей Колденковты жеңіп, әлем чемпионы атанды.
«Әлем алтынын алу арманым еді. Өзіме берген уәдемді орындадым», – дейді жеңімпаз Жүсіпов.
Күміс пен қос қола
Өкінішке қарай, Сабыржан Аққалықов (75 кг) финалда ресейлік Исмаил Мутсолговқа есе жіберіп алды.
Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) әлем біріншілігінен қола медальмен оралады.
Барлығы алты жүлде жинаған Қазақстан чемпионат қорытындысы бойынша екінші орын алды.
| Орын | Ел | Алтын | Күміс | Қола | Жалпы жүлде |
|---|---|---|---|---|---|
| 1 | Ресей | 7 | 5 | 1 | 13 |
| 2 | Қазақстан | 3 | 1 | 2 | 6 |
| 3 | Өзбекстан | 2 | 4 | 3 | 9 |
| 4 | Әзербайжан | 1 | 0 | 2 | 3 |
| 5 | Қырғызстан | 0 | 1 | 1 | 2 |
| 6 | Тәжікстан | 0 | 1 | 1 | 2 |
| 7 | Беларусь | 0 | 1 | 0 | 1 |
| 8 | Армения | 0 | 0 | 5 | 5 |
| 9 | Грузия | 0 | 0 | 2 | 2 |
| 10 | Замбия | 0 | 0 | 2 | 2 |
| 11 | Испания | 0 | 0 | 2 | 2 |
| 12 | Куба | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 13 | Мали | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 14 | Молдова | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 15 | Непал | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 16 | Түркіменстан | 0 | 0 | 1 | 1 |
Осының алдында кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде жанкүйерлеріне арнап маңызды мәлімдеме жасаған.
Бұған дейін Kursiv.Media әйгілі Майк Тайсонмен бокстасқан Рой Джонс Астана жастарын жаттықтырғаны туралы жазған.