Қазақ әндерін орындайтын ефрейтор Александр TikTok жұлдызына айналды

Жарияланды 14 Желтоқсан 2025 19:23

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
ефрейтор Александр Нетесов
Александр Нетесов / фото: youtube-те жарияланған видеодан скриншот

Ұлттық ұлан ефрейторы Александр Нетесов қазақ әндерін нақышына келтіріп орындағанының арқасында TikTok әлеуметтік желісінің жұлдызына айналды. Оның репертуарында «Атамекен», «Айттым сәлем Қаламқас», «Туған жер», «Анашым» және басқа да қазақ әндері бар. Саша Ресейде туған.

Өзіміздің сары бала

Мәселен, оның үш күн бұрын жариялаған «Анашым» әнін 120 мың адам тыңдап, 10 мыңға жуық адам «ұнатып», 1300-ден астам видео астына пікір жазған.

Әлеуметтік желі қолданушылар да «Не деген керемет дауыс!», «Саша, жарайсың», «Елдің сары баласы» деп жақын тартып жатыр.

Нестерев – Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі Ерлер хорының солисі әрі концертмейстері. Ефрейтор 5573 әскери бөлімінде қызмет етеді.

«Александрдың қазақ тіліне қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол Ресейдің Кемерово қаласында дүниеге келіп, төрт жасында анасымен бірге оның туған жеріне қоныс аударған», – деп жазды polisia.kz

Қазақ мақалдарын да біледі

ІІМ сайтындағы мәліметке қарағанда, Сашаның балалық шағы өткен шағын ауыл тұрғындары негізінен қазақ тілінде сөйлейді.

«Қазақ тілі Александрдың шығармашылық жолында да айрықша орын алады. Ұлттық ұлан ансамблінің репертуарында қазақ тіліндегі шығармалар мол».

Солист «Туған жер» әнімен Ақтөбе қаласында өткен байқауда Гран-при иеленген. Александрдың айтуынша, қазақ тілін меңгеру ұлт мәдениеті мен болмысын терең түсінуге жол ашады. Ол күнделікті өмірде қазақ тіліндегі әндер, мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді орыс тіліне қарағанда жиі қолданады.

Бұған дейін Kursiv.Media мәскеулік бір студенттің Қайрат Нұртас әндерін тыңдағаннан кейін қазақ тілін үйрене бастағаны туралы жазған.

Жақында Италияның «Интер» клубы Instagram-да қазақша жазба жариялап, желідегі белсенділерді бір желпіндіріп тастаған.

Ал танымал тележүргізуші, қазақша Threads «президенті» Нұрлан Қоянбаев сәрсенбіні Қазақстан туралы жағымды жаңалықтар жазатын күн деп белгілеген.

Сондай-ақ оқыңыз