Жаңалықтар

Қытай Түркістанда 23 млрд теңгеге джинс шығаратын зауыт салып жатыр

джинс мата
фото: shutterstock

Түркістан облысында бір жылда 10 млн метр джинс матасын өндіретін зауыт құрылысы басталды. Жоба құны – 23,3 млрд теңге. Kursiv.Media өңірге инвестиция салып жатқан қытай инвесторының кім екенін анықтап білді.

Қытай инвесторы кім

Апта соңында Түркістанда джинсы маталарын шығаратын кәсіпорын іргетасы қаланды. Өңір әкімдігінің мәліметінше, оған облыс басшысы Нұралхан Көшеров пен «Hygeia Textile Kazakhstan» компаниясының директоры Жин Ёуйй қатысты.

eGov порталының 2025 жылғы 14 желтоқсандағы ақпаратына қарағанда, Hygeia Textile Kazakhstan компаниясы биыл 4 шілдеде Түркістан қаласында тіркелген, ал 19 қыркүйекте қайта тіркеуден өткен. Бірінші басшысы – Жин Ёуйй.

Компанияның жалғыз құрылтайшысы бар – Hong Kong Chang Sheng Textile Limited. Қытай компаниясының ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, 1999 жылы құрылған кәсіпорын маталардың түр-түрін шығарумен айналысады. Оның өнімдері Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа, Америка, Таяу Шығыс және басқа да елдерге экспортталады.

Ал Түркістанда құрылысы енді басталған зауыт өнімдері Орталық Азия мен Еуропа елдеріне жөнелтіледі.

Түркістан джинс шығаратын зауыт іргетасын қалау
фото: gov.kz

10 млн метр джинс мата

Мақта кластерін дамытуды көздеген Түркістан облысы «бұдан былай өңірдегі мақтаның бәрін елде өңдеп, дайын өнім шығаруға» ұмтылады. Жұма күні іргетасы қаланған зауыт осы мақсатқа жетудің бір жолы ретінде таныстырылды.

«Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинс маталары өндіріледі», – деп таратты өңір әкімдігі.

Нысан іске қосылған уақытта Түркістан Қазақстандағы тоқыма орталықтарының біріне айналады.

«Сондықтан жобаға атсалысқан инвесторларға алғыс айтамын. Жаңа жоба сәтті жүзеге асып, Түркістанның өндірісі дами берсін», – деді әкім Нұралхан Көшеров.

Жобаның жалпы құны – 23,3 млрд теңге. Нысан 20 гектар жерді алып жатыр. Мұнда мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қарашаның аяғында Түркістан халықаралық инвестициялық форумында жалпы құны 432,2 млрд теңгенің жеті меморандумына қол қойылды. Оның арасында құны 75,3 млрд теңгелік Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру жөнінде жоба бар. Сол кезде өңірде джинс шығарылатыны туралы да айтылды.

Бұған дейін Kursiv.Media қытай инвесторлары Түркістанда дайын үй құрастыратын кәсіпорын ашатыны жөнінде жазған.