Сиднейдегі теракт: премьер содырды жыққан кісіні «нағыз батыр» деп атады (видео)

Австралияда Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі Крис Миннс Сиднейдегі теракт кезінде содырды жығып, қаруын тартып алған азаматты «нағыз батыр» деп атады. Бұл туралы Kursiv.Media CNN мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Оның ерлігі куәгерлердің бірі түсірген видео әлеуметтік желілерде тез таралғаннан кейін бүкіл әлемге танылды. Ер азамат мылтық ұстаған содырға тұтқиылдан шабуылдап, бірнеше секундтың ішінде одан басым түскен.
«Бұрын-соңды көрген ең ғажап көрініс: ер азамат аудан тұрғындарына оқ атқан адамға жақын келіп, қаншама адамның өмірін сақтап қалу үшін басын ажалға тігіп, жалғыз өзі содырды жеңді», – деді штат басшысы.
Ерлігіне бүкіл әлем тамсанған азаматтың аты-жөні – Ахмад әл-Ахмад. 43 жастағы азамат көкөніс сататын шағын дүкен қожайыны. Мәліметтерге қарағанда, полиция әуелі оны содыр екен деп ойлап, ұстаған.
«Бұл адам – нағыз батыр. Соның ержүректігі арқасында бүгін түнде көптеген адам тірі қалғанына күмәнім жоқ», – деді Миннс жексенбідегі баспасөз конференциясында.
Естеріңізге сала кетейік, 14 желтоқсанда кешке Сиднейдегі Бонди-бич жағалауында теракт болды. Қарулы екі адам теңіз жағасына еврейлер мерекесін тойлауға жиналған адамдарға оқ атты. Шабуылдан кем дегенде 12 адам қаза тапты.