«Артын күтейік»: Ақкенженов «Лукойл» активтерін кімдер алуға ниетті екенін айтты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов санкцияға ұшыраған ресейлік «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы активтері жайлы сұраққа жауап берді.

«Лукойл» компаниясының активтерін сату мерзімін АҚШ тарапы 2025 жылдың 13 желтоқсанына дейін белгілеген. Артынша мерзімді қарашаның ортасына дейін ұзартты. Сол себепті бұл мерзімдердің аяқталуын біз де күтіп отырмыз», – деді Ерлан Ақкенженов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте.

Министрдің айтуынша, қазір Қазақстан тарапы «Лукойлдың» елдегі активтерін сатып алу бағытында ешқандай келіссөздерді жүргізіп жатқан жоқ.

«Бірақ білерім, әлемде өте көп компания қызығып отыр. Оның ішінде АҚШ-тың да, көрші елдердің де компаниялары бар. Сондықтан артын күтейік. Қазақстанда табиғат пайдалану туралы заңға сәйкес, басым құқық барын еске салғым келеді. Келешекте ол құқықты пайдаланамыз ба, жоқ па – көреміз», – деді Ақкенженов.

Еске сала кетейік, БАҚ хабарлауынша, «Лукойл» ExxonMobil және Chevron мұнай-газ алпауыттарымен, сондай-ақ, Таяу Шығыс инвесторларымен келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар активтерді сатып алуға Рornhub-тың бұрынғы иесі австриялық кәсіпкер Бернд Бергмайр қызығушылық танытқан.

Венада орналасқан «Лукойл» халықаралық бизнесіне Еуропадағы МӨЗ, Қазақстан, Өзбекстан, Ирак және Мексиканың мұнай кен орындарындағы үлестер, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша жүздеген жанармай құю станциялары кіреді.

Тағы бір дереккөздің айтуынша, Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан қараша айында кездескен кезде АҚШ президенті Дональд Трамппен MOL жоспарларын талқылаған. Сапар нәтижесінде Мажарстан американдық санкциялардан бір жылға кейінге қалдырылды. Бұл ресейлік мұнай мен газды пайдалануды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз