КҚК терминалына шабуылдан 100 млн долларға жуық шығынға ұшырадық – министр

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Украина әскерінің Каспий құбыры концорциумына жасалған шабуылдан Қазақстан тарапы 100 млн долларға жуық шығынға ұшырағанын мәлімдеді.
Kursiv.Media тілшісінің сұрағына берген жауабында министр шығындар жайлы былай жауап берді.
«Көлемі жағын мен айттым. Ол – 500 мың тоннаға жуық. Ал шығындар жайлы айтар болсақ, республикада 100 млн долларға жуықтайды. Серіктестерден шығындар 70 млн доллардай, бірақ ол ақпаратты нақтылау керек», – дейді министр.
Министр мұнай тасымалының балама бағыттары қарастырып жатқанын мәлімдеді. Қосымша бағыттар ретінде бәрі білетін Қазақстан-Қытай мен Атырау-Самара бағыттары барын, қосымша Германияға да мұнай жеткізілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуыл шығынын есептеп шығарған. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, Қазақстан кем дегенде 480 мың тонна мұнай өндіре алмай қалды.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 29 қарашада дрондар Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі нысандарына шабуылдаған еді. Соның салдарынан теңіз жағалауында танкерлерге мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан. Экспорт шектелгендіктен, Қазақстанның мұнай өндірісі азайған. Өйткені елде өндірілетін қара алтынның шамамен 80%-ы дәл осы құбыр арқылы Батысқа жөнелтіледі.