Маңғыстауда халыққа тегін йогурт таратылды

Маңғыстау облысының Боранқұл ауылы маңында йогурт тиеген жүк көлігі аударылды. Жүргізуші көктайғақта рөлді басқара алмай қалған, деп жазады Lada.kz
Йогурттардың бір бөлігі жол апаты кезінде бүлініп қалды. Тез бұзылатын өнім болғандықтан, жүргізуші сол ауыл тұрғындары мен өтіп бара жатқан жолаушыларға тегін таратып берген.
Облыстың полиция департаменті апат болғанын растап, жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырғанын хабарлады.
«Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы («Көлік құралын басқарушының жол қозғалысы қағидаларын бұзуы салдарынан көлік құралдарына, жүкке, жолдарға, жол және өзге де құрылыстарға немесе өзге мүлікке зиян келтіріп, материалдық шығынға әкеп соғуы») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған құқықбұзушылық үшін 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл көзделген», – деп хабарлады полциция..
Бұған дейін Ақмола облысында Астана – Ерейментау – Шідерті автожолында бірден жеті автокөлік соқтығысқанын жазған едік. Бір жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Тағы екі адам әртүрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.