Қарашығанақ дауы: сот шешімі жыл соңына дейін шығуы мүмкін

Қазақстан үкіметінің Қарашығанақ кен орны операторына қатысты түсірген шағымы Лондон арбитраж сотында қаралып жатыр. Жыл соңына дейін сот шешімі шығып, дауға нүкте қойылуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Лондондағы халықаралық арбитражда қаралып жатқан істің шешімі Қазақстан үкіметі мен жоба акционерлері үшін алдағы келіссөздерге бағыт-бағдар болады. Министр қабылданатын шешім тараптардың өзара келісімге келуіне мүмкіндік беретін сигнал болатынын атап өтті.
Дау неден басталды
Қарашығанақ пен Қашаған жобаларына қатысты дау Қазақстанның 2023 жылғы сәуірде халықаралық консорциумдарға қарсы шағым түсіруінен басталған.
Тараптар арасындағы негізгі келіспеушілік шығынды өтеу және оларды есептен шығару мәселесіне қатысты. Осы шеңберде Қарашығанақ жобасы бойынша талап сомасы 3,5 млрд долларды, ал Қашаған жобасы бойынша бастапқы талап 13 млрд долларды құрады.
Алайда Bloomberg агенттігінің дерегінше, өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) аясында Қазақстанда жұмыс істеп жатқан халықаралық мұнай компанияларына қатысты қойылған талап сомасы 150 млрд долларға дейін ұлғайған.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қашағанға қатысты арбитраж ісі бойынша құжаттарды жинау кезеңі жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, істі мәні бойынша қарау 2026 жылдың екінші жартысында басталуы мүмкін, ал егжей-тегжей талқылау 2027 жылға жоспарланып отыр. Осыған байланысты, министр бұл арбитраж жөнінде де, талап сомалары туралы да әзірге айту ерте екенін, себебі сот істі әлі толыққанды қарауға кіріспегенін атап өтті.
Сонымен қатар Ерлан Ақкенженов Энергетика министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар келіссөздерге әрдайым ашық екенін, ешқашан серіктестер алдындағы есікті жаппағанын айтты. Оның сөзінше, мемлекет жобалардағы әріптестермен өзара келісімге келуге әрдайым дайын.
Акцонерлері кім
Қарашығанақ – әлемдегі ірі газконденсат кен орындарының бірі. Оның мұнай қоры 1,2 млрд тонна, газ қоры 1,35 трлн текше метр деп бағаланады. Кен орнын 1997 жылдан бері 40 жыл мерзімге қол қойылған өнім бөлісу туралы келісім негізінде халықаралық KPO консорциумы игереді.
Қарашығанақ жобасын Karachaganak Petroleum Operating консорциумы жүзеге асырып жатыр. Shell мен Eni компаниялары KPO акцияларын 29,25%-дан, Chevron – 18%, «Лукойл» – 13,5%, «ҚазМұнайГаз» – 10%-ын иеленеді.
Ал «Қашаған» – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мұнай-газ кен орны, сондай-ақ елдегі ең ірі халықаралық инвестициялық жоба. Ондағы мұнай қоры 9-13 млрд баррельге дейін деп бағаланады. Коммерциялық тау-кен жұмыстары 2016 жылдың 1 қарашасында басталды. 2023 жылы кен орнынан 18,8 млн тонна мұнай өндірілді.
Қашаған кен орнын North Caspian Operating Company консорциумы игеріп отыр, оның құрамына Shell, Eni, Total Energies және Exxon Mobil компаниялары кіреді.