
Қытайлық инвесторлары Тараз қаласында су ресурстарын басқаруға арналған смарт-технологиялар зауытын салады. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Келісімге министр Нұржан Нұржігітов пен Yellow River Engineering Consulting Co. Ltd компаниясының директоры – бас экономисі Ин Дэвэнь қол қойған.
Жоба аясында цифрлық басқару жүйелері, су деңгейі мен сапасын өлшейтін датчиктер, ирригациялық желілерді автоматты басқару шешімдері және су тасқыны мен төтенше жағдайларды ерте ескерту технологиялары өндіріледі. Бұл – су тапшылығы күшейіп келе жатқан жағдайда сұранысы артып отырған бағыт.
Зауыт дайын технологияны Қазақстанның климат және гидрологиялық жағдайына бейімдейді. Сонымен қатар жоба «өндіріс – білім – ғылым» қағидаты бойынша іске асырылып, мамандар даярлау мен біліктілікті арттыруды қамтиды.
Министрліктің дерегінше, соңғы жылдары Қытаймен кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді. Жаңа кәсіпорын ирригация жүйелерінің тиімділігін арттырып, су шығынын азайтуға және елдің су қауіпсіздігін күшейтуге нақты үлес қоса алады.
Сонымен қатар Қытай Түркістанда 23 млрд теңгеге джинс шығаратын зауыт салып жатыр.