Халықтың табысы төмен: сарапшылар ішкі сауда қарқыны баяулайды деп отыр

2025 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстандағы ішкі сауда өсімі баяулады. Halyk Finance сарапшылары сауда қарқыны одан әрі баяулайды деген болжам жасайды.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, саладағы жылдық өсім 8,8%-ды құрады. Көтерме және бөлшек сауданың да қарқыны бірдей баяулады. Бұл үрдіс нақты табыстың төмендеуі, тұтынушылық кредиттің баяулауы және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің қысқаруымен тікелей байланысты.
Ішкі сауданың экономикадағы орны қандай?
Ішкі сауда Қазақстан экономикасындағы ірі секторлардың бірі саналады. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 16,7%-ға жетеді. Сондықтан бұл саладағы динамика елдің жалпы экономикалық өсіміне тікелей әсер етеді және макроэкономикалық болжамдар үшін маңызды индикатор болып отыр.
2025 жылдың басында жоғары қарқын көрсеткен ішкі сауда жыл соңына қарай баяулай бастады. Қаңтар-қазан айларында өсім 9,0% болған болса, қаңтар–қараша қорытындысында 8,8%-ға дейін төмендеді. Бұл үрдіс сарапшылардың алдын ала болжамымен сәйкес келді.
Өсімді ұстап тұрған негізгі факторлар
Жыл бойы ішкі саудадағы өсімнің негізгі драйвері көтерме сауда болды. Саладағы жалпы айналымның 66,8%-ы осы сегментке тиесілі. Көтерме сауда, әсіресе, өндірістік және өнеркәсіптік тауарлар есебінен өсім көрсетті.
Бұған бірнеше фактор әсер еткен. Біріншіден, тау-кен өндіру секторының белсенділігі сақталды. Екіншіден, мемлекеттік шығыстар есебінен инвестициялық белсенділік артты. Үшіншіден, ішкі нарықта өнеркәсіп, азық-түлікке жатпайтын тауарларға сұраныс жоғары болды.
Алайда бұл өсімнің құрылымы тәуекелге толы. Сауда динамикасының шикізат секторына және бюджет шығындарына тәуелділігі саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығына күмән тудырады.
Көтерме сауда: өсім бар, бірақ қарқыны бәсең
2025 жылдың 9 айында көтерме сауда 9,4% жылдық өсім көрсетті. Бұл қаңтар-қазан айларындағы 9,7%-бен салыстырғанда төмен.
Көтерме сауда құрылымында өндірістік тауарлар басым. Олардың үлесі 82,1%-ды құрайды. Аталған сегментте өсім 12,2%-ға жетті. Ал азық-түлік өнімдерінің көтерме саудасы әлдеқайда баяу өсіп, небәрі 4,0%-ды көрсетті.
Сарапшылардың бағалауынша, жылдың соңына қарай көтерме саудадағы өсім одан әрі бәсеңдеуі мүмкін. Бұған 2025 жылғы жоғары базалық мөлшерлеме әсері, сондай-ақ фискалдық ынталандырудың біртіндеп азаюы ықпал етеді.
Бөлшек сауда: тұтынушылық сұраныс әлсіреп жатыр
Ішкі сауданың 32,7%-ын құрайтын бөлшек сауда сегментінде де қарқынның саябырлағаны байқалады. 9 айда бөлшек сауда өсімі 7,3%-ды құрады. Бұл қаңтар-қазан кезеңіндегі 7,4%-дан төмен.
Бөлшек сауда құрылымында маңызды өзгеріс бар. Азық-түлік тауарларының сатылымы жылдық есепте 7,9%-ға өсті. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментіндегі өсім 7,0%-ға дейін баяулады.
Бұл жағдай тұтынушылардың мінез-құлқы өзгеріп жатқанын көрсетеді. Халық негізінен қажетті тауарларды сатып ала бастаған.
Халықтың нақты табысы төмендеген
Бөлшек саудадағы баяулаудың негізгі себептерінің бірі – нақты табыстың төмендеуі. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында нақты жалақы 0,4%-ға азайды. Инфляцияның жоғары деңгейі халықтың сатып алу қабілетіне қысым жасап отыр.
Сонымен қатар тұтынушылық несие беру нарығында да «салқындау» байқалады. Реттеуші енгізген шектеулер мен пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы жаңа кредиттердің өсу қарқынын тежеді. Бұл бөлшек саудаға тікелей әсер етті.
2025 жылдың екінші жартысынан бастап Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемі азая бастады. Бұл мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынын төмендетіп, ішкі сұранысқа қысым түсірді.
11 айда бөлшек сауда көлемі 22,9 трлн теңгеге жеткен.