Миллиардер Ыдырысовқа тиесілі компания таза пайдасын арттырды

Қазақстандағы ең бай бизнесмендер рейтингінде 18-орында тұрған Дінмұхамет Ыдырысовқа тиесілі компания 9 айда 35,5 млрд теңге таза пайда тапқан. «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» (ККС) – Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облысы және Шымкент қаласында жылу мен электр энергиясын жеткізетін ірі оператор саналады.
Сонымен қатар компания құрамына Қарағанды және Өскемен ЖЭО-лары, электр желі және энергия тарату ұйымдары, сондай-ақ жаңартылатын энергетика жобалары кіреді.
Осы кезеңде түсім көлемі 307,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылда бірден 32%-ға артты. Мұндай серпінге электр энергиясын сату мен оны тарату қызметінің қымбаттауы себеп.
Алайда өндірістік шығындар кіріске қарағанда жылдам көбейіп, компанияның жалпы маржасын төмендеткен.
Айта кету керек, ККС 2023 жылы да айтарлықтай өсім көрсеткен. Ол кезде компанияның кірісі 222,8 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 17,6%-ға артқан, ал таза пайда шамамен үш есе өсіп, 36,2 млрд теңгені құраған.
Компания Магду Ыдырысова мен Жармұхамед Аппаздың иелігінде. Олар – Forbes Қазақстан рейтингінде 18-орында тұрған кәсіпкер Дінмұхамет Ыдырысовтың жұбайы мен ұлы.