4,4 млн: әрбір бесінші азамат бизнес саласында жұмыс істейді

Қазақстанның әрбір бесінші азаматы бизнес саласында жұмыс істейді. Бұл туралы ел үкіметі хабарлады.
Шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы жалпы қосылған құндағы үлесі 40%-ға таяп қалған.
2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі жалпы қосылған құндағы үлесі 7,9%-ды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш және орта бизнес секторының нығайып, экономикалық құн қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Бизнес өкілдерінің 99,9%-ын микро және шағын компаниялар құрап, 4,4 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл көрсеткіш бір жылда 3,9%-ға өскен.
ШОБ-тың үлесіне елдегі экономикалық белсенді халықтың шамамен жартысы – 45,5% тиесілі. Бұл сектордың азаматтардың әл-ауқатын арттыру мен еңбек нарығының тұрақтылығы үшін айрықша маңызға ие екенін айқын көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуда шешілмеген мәселе көп екенін айтқан. Сол себепті мемлекет басшысы оларды жеке бақылауына алды.