Әр азаматқа мемлекет жерді тегін бере салмайды – Базарбек

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мәжілістің ресми парақшасында тікелей эфирге шығып, азаматтарға тегін жер алу тетігі қандай екенін түсіндіріп берді.

Базарбектің айтуынша, жер кодексінің 50-бабы бойынша Қазақстанның кез келген азаматы үш жағдайда жерді ақысыз ала алады. Атап айтқанда, азаматтар жеке тұрғын үй құрылысына 0,10 сотық, жеке қосалқы үй шаруашылығын жүргізуге құнарлы алқаптардан 0,12, құнарсыз алқаптардан 0,25 сотық жер алады. Сонымен қатар саяжайға, бағбан жұмыстарын жүргізу үшін 0,14 сотық көлемінде жер ақысыз беріледі.

«Бірақ өкінішке қарай жер кодексінің 43-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер тізім бойынша беріледі. Ол тізімді арнайы есеп деп атайды. Арнайы есепке қойылған жер босаған жағдайда бере салмайды. Ол жерге жер кодексінің 43 және 44-баптарына сәйкес, су жүйесі және электр жүйесі тартылуы тиіс. Яғни жеке тұрғын үй құрылысын жүргізетін алқаптар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек», – дейді Бақытжан Базарбек.

Депуаттың сөзінше, 2022-2023 жылдары 53 мың жер учаскесіне осындай инфрақұрылымды тарту үшін 40 млрд теңге бөлінген. 2023-2024 жылдары 50 млрд теңге бөлінген. Кейін бюджет тапшылығына байланысты аталған бағытта қаражат 10 мың жер учаскесіне ғана бөлінетін болып қалған.

«Әрине, бұл жеткіліксіз. Алдағы бюджетті талқылау барысында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бөлінетін қаражатты көбейтуді Үкіметтен талап етеміз. Себебі бостан бос, кең даланы сіздерге бере салмайды. Көкшетау, Тараз, Талдықорған болсын, кез келген жерді берерде азаматтарға қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Инфрақұрылымы, суы мен электр желісі болуы керек. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттамасы болуы керек. Су мен электр жүйесін өткізудің өзі көп қаражатты талап етеді. Егер кең даланы бере салса, ертең ол азаматтар шуылдап шығады. Сондықтан дамыған мемлекеттерде жерді бостан бос бермейді», – дейді ол.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағайдағы жерді заңсыз иемденгендердің аты-жөнін жариялайтынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз