Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай сотталды

Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, балуан Дәулет Шабанбай үш жылға сотталды. Оның ісі Павлодардағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралды.
Рavlodarnews.kz басылымының жазуынша, айыпталушы ретінде 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері танылған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Шабанбай бұл медальді 2022 жылы жарыстың екі жүлдегері допинг қолданғаны үшін шеттетілгеннен кейін алған. Шабанбай Азия чемпионаттарының төрт дүркін қола жүлдегері (2008, 2009, 2011, 2014), сондай-ақ 2014 жылы Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленген.
Белгілі спортшы кәсіби мансабын бес жыл бұрын аяқтап, олимпиадалық резервті даярлау орталығында спорт нұсқаушысы болып жұмыс істеген.
Оған Қылмыстық кодекстің 380-бабының төртінші бөлігінің 1-тармағы бойынша – «екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған билік өкіліне күш қолдану» айыбы тағылды.
Ол не бүлдірді
Сотта оқиғаның мән-жайы белгілі болды. 17 қыркүйек күні кешкі сағат тоғыз жарым шамасында ҚР Ұлттық ұланының 5512 әскери бөлімінің үш қатардағы жауынгері автовокзал маңындағы аумақты патрульдеп жүрген. Олар бұл ауданда ірі денелі, мас күйдегі белгісіз ер адамның қоғамдық тәртіпті бұзып жүргені туралы хабарлама алған. Кафелердің бірінің маңынан сипаттамаға сай келетін адамды байқап, оның Дәулет Шабанбай екені анықталған.
Патрульдік топтың басшысы одан жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетіп, полиция пункіне баруын сұраған. Алайда жауап ретінде бейпіл сөз естіген. Әскери қызметкер оны сабырға шақырмақ болғанымен, Дәулет Шабанбай әуелі аяғымен иығынан теуіп, кейін жұдырығымен бетінен ұрған. Екінші сарбаз да беттен соққы алған. Бұдан кейін Дәулет Шабанбай үстіндегі киімін шеше бастап, сарбаздарды төбелеске шақырған. Осы сәтте топ басшысы рация арқылы көмек сұраған.
Үш сарбазға спортшыны әрең дегенде жерге құлатып, қолына кісен салуға тура келген. Ұстау кезінде Дәулет Шабанбайдың қалтасынан жиналмалы пышақ түсіп қалған. Көмекке қосымша әскери жасақтар мен полиция қызметкерлері жеткен. Айыпталушы алдымен уақытша бейімдеу және детоксикация бөлімшесіне жеткізіліп, онда мастықтың орташа дәрежесі анықталған. Ол 18 қыркүйектен бері қамауда отыр.
Сотта спортшы өз кінәсін толық мойындап, жауап беруден бас тартты. Жәбірленушілерден кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмауды өтінген. Алайда сот оны қоғамнан оқшаулау қажет деп шешті.
Судья Айгүл Ахметованың айтуынша, қылмыс жасалған сәтте Дәулет Шабанбайдың өтелмеген екі әкімшілік жазасы болған (ӘҚБтК-нің 437-бабы («Тыныштықты бұзу») және 440-бабы («Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру»). Ел алдындағы спорттық еңбегін, сондай-ақ кәмелетке толмаған екі баласының барын, олардың біреуінің мүмкіндігі шектеулі екенін ескере отырып, сот оған ең төменгі мерзімді тағайындады.
Дәулет Шабанбай үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды.