Қазақстандықтардың 77%-ы президентке сенім артатынын жеткізген

Қолданбалы зерттеулер мен стратегиялық талдаумен айналысатын Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығы жылды қорытындылайтын әлеуметтік сауалнама мәліметін жариялады.
Орталық сауалнама елдің барлық өңірін қамтығанын, оған 1000 респондент қатысқанын атап өтті.
«Зерттеу нәтижелері азаматтардың өтіп бара жатқан жылды оң бағалайтынын байқатады. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында мұндай нәтиже қоғамның болып жатқан өзгерістерге бейімделу деңгейінің жоғары екенін көрсетеді», – делінген хабарламада.
Сауалнама қорытындылары оң баға теріс пікірден 3,5 есе басым екенін көрсеткен. Атап айтқанда, респонденттердің 11%-ы 2025 жылды сәтсіз деп бағаласа, 37%-ы оны табысты жыл ретінде атаған. Респонденттердің басым бөлігі (52%) жылды айқын оң немесе теріс үрдістердің басымдығы байқалмаған, жалпы тұрақты кезең ретінде сипаттаған.
Президент пен елдің ұстанған бағытына сенім қандай
Сауалнама авторлары елдің даму бағытын қолдау нақты деректермен расталғанын айтады.
«Қазақстандықтардың 71%-ы елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл дерек жылдағы оқиғаларды көпшіліктің елдің тұрақты дамуы мен мемлекеттік саясаттың тұрақтылығымен байланыстыратынын көрсетеді. Қазақстандықтардың 77%-ы Президенттің қызметін қолдайтынын білдірді. Қолдаудың осындай жоғары деңгейі Президентті елдің дамуының дұрыс бағытын айқындайтын көшбасшы ретінде қабылдайтынын көрсетеді», – делінген сауалнама қорытындысында.
Ұлттық талдау орталығы елдің даму бағытына деген сенімділік пен президентке берілген жоғары қолдау қоғамда Қазақстанның алдағы даму бағыты жөнінде біртұтас көзқарастың қалыптасқанын айқындайтынын атап өткен.
Қоғамдық көңіл күйді қалыптастырған негізгі оқиғалар
2025 жылғы жетістіктер туралы сөз қозғағанда, қазақстандықтар ең алдымен спорт, технологиялар мен цифрландыру, киноиндустрияны дамыту, өнеркәсіп, сондай-ақ мектеп, аурухана және өзге де әлеуметтік нысандардың салынуы сияқты салаларды атаған.
Ал 2025 жылдың ең жарқын әрі жағымды оқиғалары ретінде «Қайрат» – «Реал Мадрид» арасындағы тарихи матчты, J Lo, Backstreet Boys секілді әлемдік жұлдыздардың концерттерін және түрлі мерейтойлық шараларды атап өткен. Оның ішінде Абайдың 180 жылдығы, Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы сияқты мерейтойлық даталар бар.
Бұл тізімге сонымен қатар жаңа мектептер мен ауруханалардың ашылуы, инфрақұрылымды жақсарту, жасанды интеллект саласындағы ірі жетістіктер, Президенттің Дональд Трамп, Си Цзиньпинмен болған халықаралық деңгейдегі кездесулері енген.