Қырғызстан Меладзенің концертіне тыйым салғаны рас па

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Валерий Меладзе
фото: Валерий Меладзенің ресми сайтынан

Қырғызстан ресейлік әнші Валерий Меладзенің концертін өткізуге тыйым салды. Бұл шешімге Ресеймен қатынасты бұзып алмау себеп болған деп жазады Kaktus.Media.

Концерттің өтпейтіні жайлы медиаменеджер, продюссер Павел Рудченко айтқан.

«Кейбір елдер, бұл жағдайда Қырғызстан Ресеймен саяси шиеленістің ушығуын қаламайды. Сахнадан саяси ұран айтып қалуы немесе көпшілік алдында сол ұранды қолдауы мүмкін әртістермен жұмыс істеуге олар ниетті емес. Мұның бәрі Ресеймен қарым-қатынасты ушықтырмау үшін жасалады», – деді ол.

Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Азаттықтың хабарынша, Қырғызстанның Мәдениет министрлігі концерт өтпейтіні жайлы ақпаратты білмейтінін мәлімдеді.

Әртістің өзі де бұл жаңалыққа қатысты пікір білдірген жоқ.

Валерий Меладзе осы жылы алпысқа толып, Орталық Азия елдерінде гастроль өтетінін хабарлаған. Қырғызстаннан бөлек Өзбекстан мен Қазақстанда да концерт болады, билеттер сатылымда. Mash телеграм-арнасының дерегінше, әртістің командасы сахнадан ешқандай саяси мәлімдеме жасалмайтынын айтып, уәде берген екен.

Меладзе – Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты пікірін ашық айтқан әншінің бірі. 2022 жылы ақпанда соғыс басталғанда, ол парақшасында видео жариялап, келіссөздер үстеліне отыруға шақырған еді. Сол жылы оның Ресейде өтуі керек концерттеріне тыйым салынды.

Сондай-ақ оқыңыз