Қытымыр қысты жайдары жазға ауыстырғысы келетіндерге арналған ТОП-7 ел

Жарияланды
Фото: shutterstock

Қазақстанның барлық дерлік аймағына қылышын сүйретіп қыс келіп қалды. Оңтүстік өңірлердің өзінде қар түсіп, күн суи бастады. Мұндайда жұмысты қашықтан істеуге мүмкіндігі бар адамдар осы қытымыр үш ай қысты жылы жақта өткізуді ойға алатыны бар. Бұл жерде біз еңбек демалысын алып, он шақты күн демалып келу туралы емес, басқа елге бірнеше айға тұрып келуді айтып отырмыз. Терезеден көз тастағанда қардың орнына теңіздің ғажап көрінісін тамашалағысы келетіндерге ұсынатын елдеріміз бар. Бір айта кететін жайт, қазір көбі қыстап келуге басқа жақтарды күннің жылы болғанынан бөлек, үнемдеп, бала-шағаның денсаулығын ойлағаны үшін де таңдайды.

Неге жылы жаққа қыстау трендке айналып жатыр

Үш ай қысты Қазақстаннан тыс жерде өткеру блогер һәм фрилансерлердің еркелігі не еріккеннің ермегі деп қабылдап жүрсіз бе? Әсте олай емес. Бұл трендтің айтарлықтай себептері бар.

Денсаулыққа пайдалы

Қазақстанның қысын бәріміз жақсы білеміз. Күн аяз, қар қалың. Оған қоса күн сәулесі бұл мезгілде өте аз түсетіндіктен, тапшы болады. Бір күні тынық болып тұрған күн ертесіне адам танымастай құбылып шыға келеді. Үйлерде жылу қосылады, от жағылады. Ол болса, бөлмедегі ауаны құрғатады. Содан ағза сәл вирусқа төтеп бере алмай, қиналып қалады. Таңертең жылы төсектен тұрғыңыз келмей, шама келсе қозғалысты азайтасыз. Сол себепті қысты жылы жақта өткергеннің артықшылығы көп, режим басқа: 

  • Ұйқы жақсарады, көңіл-күй көтеріңкі болады;
  • Күйзеліс азаяды;
  • Тұмауратып қала бермейсіз;
  • Күн жылы болғасын көп қозғаласыз. Суға түсесіз, велосипед тебесіз, жаяу серуендейсіз. 

Жалпы алғанда климаттың психикалық және эмоциялық күйімізге әсер ететіні белгілі. Күн сәулесі де серотонин мен D дәруменін бөлуге ат салысады.

Жұмыс тоқтап қалмайды, сол қарқында жалғастыра бересіз

Жылы жақта қыстап келу дегенде демалыс емес, жай ғана орта ауыстыру деп қарастырған абзал. Себебі әдеттегі қарқынмен жұмыс жалғаса береді. Қашықтан істей бересіз, жобаларыңызды жалғастырасыз. Жылы жаққа көшкіңіз келсе, интернеті қалыпты істейтін, коуоркиң-орталықтары бар, ноутбукпен жұмысқа қолайлы кафесі көп жерді таңдасаңыз болғаны. Отбасылы болсаңыз, бала-шағаңыз жаңа орта, мәдениетпен танысады. 

Үнемдейсіз

«Басқа елде тұру қайдан арзан болсын?» деп ойлайсыз ба? Әрине, тиімді дегенге келгенде әркімнің қаржылық жағдайына қарай бұл жерде әртүрлі көзқараспен қарастыруға болады. Дегенмен егер сіз Қазақстанда мегаполис қалаларда үй жалдап тұратын болсаңыз, онда айырмашылығы аса сезбеуіңіз де мүмкін. Тіпті тамақ пен қоғамдық көлік бізден әлдеқайда арзан елдер бар. Шығын да елде жүргендегіден азырақ шығуы ықтимал. Мысалы елде апта сайын біреудің тойы, тұсаукесер, сүндет тойы деп бюджетке салмақ түседі. Ал басқа елде ондай шығын болмайды. Оған қоса, үш айда қыста көшемін десеңіз, қалың күртеше, аяқ-киім алмайсыз.

1. Тайланд

Фото: shutterstock

Неге бұл елді таңдайды

Тайланд кейінгі бірнеше жылдан бері қыстауға арналған елдердің көшін бастап келеді. Өйткені мұндағы климат, сервис және өмір сүруге кететін шығын – бәрі көңілге қонымды. Қысы жылы (+28…+32 °C), көліктің түр-түрі бар, медицинасы дамыған, үйі арзан. Халқы туристерге үйренген. Бастысы, мәдениетіне құрметпен қарап, шектен шықпасаңыз болғаны.

Қай қалаларында тұруға болады

  • Пхукет – жайлы, отбасымен тұруға қолайлы, мектепке орналастыру оңай.
  • Паттайя – шалғай аралдардан гөрі қала тірлігін жақсы көретіндерге таптырмас бағыт.
  • Чиангмай – фрилансерлердің сүйікті қаласы. Тыныш, таулы аймақ. 

Орташа баға

  • Ұшақ билеті орта есеппен 120–180 мың теңге шығуы мүмкін. Күйіп тұрған билеттерді тіпті 70 мың теңгеге де таба аласыз. 
  • Пәтер жалдауға бір айға шамамен 300-400 мың теңгедей кетеді. 
  • Тамаққа 100-150 мың теңгедей шығады. Оның ішінде азық-түлік те, күнделікті таңертең кофехаустан ішетін сусындарыңыз да кіреді. 
  • Жолжүріске орташа 30-40 мың теңгедей шығады. 

2. Вьетнам

Фото: shutterstock

Неге бұл елді таңдайды

Өте арзан ел іздеп жүргендерге Вьетнамды ұсына аламыз. Баласы бар отбасының өзі айына 600 мың теңгеге рахаттанып тұра алады. Яғни барлық шығын осы соманы қамтиды. Халқы қарапайым. Шуына үйренуіңіз керек болады. 

Қай жерде тұруға болады

Нячанг, Дананг, Фукуок сынды аралдарды таңдауға болады. Мектеп іздесеңіз де, орысша жақсы түсінетін орта керек болса да осы маңнан табылады. Бұл жақта ағылшынша онша түсіне бермеуі мүмкін.

Орташа баға

  • Ұшақ билеті 150-200 мың теңге арасында
  • Пәтер жалдауға 200-350 мың теңге шамасында кетеді
  • Тамаққа орта есеппен 100-150 мың теңге

3. БАӘ

Фото: shutterstock

Неге бұл елді таңдайды

Тұрмыста еш мәселе болмайтындай, қалыпты өмір сүргісі келетіндерге таптырмайтын ел. Себебі бұл жақ қауіпсіз, таза әрі бәрі мінсіз жұмыс істейді деуге болады. Кәсіпкерлерге жақсы үйлеседі. Қыста күн +22…+26 °C, теңізге түсесіз, іс-шара, көрменің түр-түрі өтеді. Нағыз мультимәдени орта, ережелері қатаң болғанымен, сервис деңгейі өте жоғары. Бірақ қымбат ел.  

Орташа баға

  • Ұшақ билетіне 90–150 мың кетеді. Бірақ чартер рейстерден тіпті 45 мың теңгеге де табылып қалады. 
  • Үй жалдауға 600 мың теңгеден бастап миллионнан әрі қарай ақша қажет
  • Тамаққа 250-350 мың теңгедей шығады

4. Египет

Фото: shutterstock

Неге бұл елді таңдайды

Египетте қыстың өзінде су жылы болады. Белсенді қала өмірінен қашып, теңіз жағасында жатқысы келетіндерге таптырмас бағыт. Халқы туристерден барынша көп пайда тауып қалғысы келіп тұрады. Сондықтан жүрген жерде саудаласа беріңіз. 

Орташа баға

  • Ұшақ билеттері шамамен 100–160 мың теңге
  • Үй жалдауға 250-400 мың теңге арасында
  • Тамаққа 130-200 мың теңгедей

5. Шри-Ланка

Фото: shutterstock

Неге бұл елді таңдайды

Серфиң жасап, жеміс-жидек асып, күйзеліссіз өмір сүргісі келгендерге керемет үйлеседі. Бұл – «жанға жайлы» қыстау: серфинг, жеміс-жидек, мұхит, ең аз күйзеліс. Хиккадува, Велигама, Мирисса қалаларын таңдасаңыз болады. Халқы жайлы, тұрмыста буддистер екені қатты байқалады. Қапылыс өмірден шаршағандар жиі барады. 

Орташа баға

  • Ұшақ билеттері 220–300 мың теңге аралығында. Күйіп тұрған билеттер 100 мың теңгеге де табылып қалады
  • Пәтер жалдауға 250-450 мың теңгедей
  • Тамаққа 100-150 мың теңге арасында

6. Индонезия (Бали)

Фото: shutterstock

Неге бұл елді таңдайды

Бали нағыз фрилансерлер мекеніне айналған. Серфиң жасайсыз, кофейня мен комьюнити көп. Халқының мінезі жұмсақ, қарапайым. 

Орташа баға

  • Ұшақ билеттері 300–400 мың шамасында шығады. Күйіп тұрған билеттерді 150 мың теңгеге де таба аласыз. 
  • Пәтер жалдауға 350-600 мың теңге арасында
  • Тамаққа 150-200 мың теңгедей

7. Малайзия

Фото: shutterstock

Неге бұл елді таңдайды

Қауіпсіз, таза, ағылшын тілді ортасы бар, инфрақұрылымы дамыған ел. Көбіне бала-шағасы бар отбасылар таңдайды. Азия елдерінің ішінде туристердің ең тез бейімделетін жері десе болады.

Орташа баға

  • Ұшақ билеттері 200–300 мың арасында. Дегенмен 150 мың теңгеге де шығып қалады. 
  • Пәтер жалдауға 300-500 мың теңге арасында
  • Тамаққа 130-180 мың теңге

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қыста бетке қалай күтім жасау керегі туралы материал жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз