«Шахтер» футбол клубы ресми түрде жекешелендірілді

«Шахтер» футбол клубы ресми түрде жекешелендірілді. 15 желтоқсанда Қарағанды қаласында Freedom Holding Corp. пен Қарағанды облысының әкімдігі арасында өңірде кәсіби футболды дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды.
Іс-шараға Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты. Бұған дейін Freedom Holding Corp. компаниясының «Шахтер» футбол клубын сатып алғаны белгілі болған еді.
Футбол клубтарын жекешелендіру президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр. «Шахтер» клубын Freedom Holding Corp. меншігіне беру барлық заң талаптарына сәйкес өтті. Атап айтқанда, мүлікті кешенді бағалау жүргізіліп, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылғаннан кейін ғана клуб сауда-саттыққа шығарылған.
Құттықтау сөзінде Тимур Турлов клубты сатып алуға қатысты барлық әкімшілік және бюрократиялық рәсімдердің толық аяқталғанын атап өтті. Сондай-ақ холдинг «Шахтердің» болашағына сенім білдіріп, клубты жүйелі түрде дамытуды мақсат етіп отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар «Шахтер» футбол клубының жаңа бас бапкері таныстырылды. Бұл қызметке тәжірибелі маман Дмитрий Алексеевич Огай тағайындалды. Клуб басшылығы жаңа бапкердің кәсіби білімі мен мол тәжірибесі команданың алдағы маусымдардағы нәтижесіне оң әсер етеді деп сенім білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін астаналық «Жеңіс» футбол клубын кәсіпкер Михаил Ломтадзе сатып алғаны туралы жазған едік.