Айбек Оралбай — 2025 жылдың үздік боксшысы

Астаналық Айбек Оралбай 2025 жылдың үздік боксшысы атанды. 25 жастағы боксшы биыл World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған.
Айбек 90 келіден жоғары салмақта өнер көрсетеді. Ол қыркүйекте Ливерпульде өткен әлем біріншілігінде қарсыластарының бәрін жеңіп, чемпион атанды. Ал шілде айында Астанада Әлем кубогының финалына дейін жетті.
Ұлттық құрама 2025 жылғы желтоқсанда Дубайда IBA өткізген Әлем чемпионатына Айбекті алған жоқ. Федерация жас боксшыларға мүмкіндік берді. Алайда 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрмагамед Жүсіпов кубалық боксшыға есе жіберді.
Бұған қоса, Оралбай Азияның екі дүркін чемпионы (2022, 2024 жылдар). 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысып, ширек финалға дейін жетті. 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Дубайда аяқталған Әлем біріншілігінде (IBA) Қазақстан үш алтын медаль жеңіп алды: Сәкен Бибосынов, Оразбек Асылқұлов және Абылайхан Жүсіпов чемпион атанды.