Айыппұл салады: Алматы полициясы жаңа BRT жолын қатаң бақылайды

Алматы полициясы 14 желтоқсанда ашылған жаңа BRT желісінде жол қозғалысы ережелерінің сақталуын мұқият бақылайды. Ереже бұзғандарға айыппұл сала бастағаны мәлім болды. Бұл туралы Kursiv.Media ІІМ мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Әуелі ескертеді
Естеріңізге сала кетейік, жексенбі күні мегаполистің Желтоқсан көшесіндегі BRT желісі ашылды. Ол Тимирязев көшесі мен Райымбек даңғылындағы желілерді жалғап, оңтүстіктен солтүстікке дейін үздіксіз автобус қатынасын қамтамасыз етеді.
Соған байланысты қалалық полиция жол бойындағы күзетті күшейтті. Бастапқыда полиция қызметкерлері жүргізушілерге өзгерісті түсіндіріп, жаңа жол таңбалары мен белгілерді көрсетеді.
Сосын айыппұл салады
Алматылықтар мен қала қонақтары қозғалыстың жаңа тәртібіне бейімделуі керек. Содан кейін ғана айыппұл салынады.
«Бейімделу кезеңі аяқталғаннан кейін, жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылдана бастайды», – деді қалалық полиция өкілі Серік Шумаев.
Оның айтуынша, әсіресе, автобусқа арналған жолақтарда тоқтау және көлік қою, сонымен бірге BRT жолағына шығу фактілеріне ерекше назар аударылады.
«Құқық бұзушылықты полиция жасағы ғана емес, фото және бейнебақылау құралдары арқылы да тіркейді», – деді Шумаев.
Желтоқсанмен жүрген жүргізушілер қазірдің өзінде айыппұл сала бастағанын айтып жатыр.
Маңызды мәліметтер
Айта кетейік, енді Желтоқсан көшесі бойында көлік қоятын тұрақ жоқ, сол себепті жүргізушілерге осы жағын да ескеру қажет болады.
Әзірге жаңа жолмен №92 және №59 бағыттарымен қатынайтын автобустар ғана жүріп жатыр. Желі ұзындығы – 4,6 км.
Осы жобаны жүзеге асыру үшін аялдамалар жаңартылып, жаңа асфальт төселді. Бұған қоса бағдаршам мен жарық орнатылды.
Бұған дейін Kursiv.Media ақылы жолдарда төлем жасау ережесі жеңілдейтіні туралы жазған.