Қазақ үкіметі дрондар бұзған қымбат құрылғыны амалсыз өз ақшасына сатып алды

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, Қазақстан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) үшін танкерлерге мұнай айдайтын екі қымбат құрылғы сатып алды. Олар Новороссийскіге жеткізіледі.
Қара теңіз жағалауындағы терминалдан ашық теңіздегі танкерлерге мұнай толтыруға арналған екі құрылғы Біріккен Араб Әмірліктерінен сатып алынған. Алайда олардың қанша тұратыны айтылмады.
Дегенмен 2024 жылғы маусымда КҚК ресейлік «Кливер» компаниясымен осындай бір құрылғыға тапсырыс бергені мәлім. Сол кезде келісімшарт құны ашық дереккөздерде 6,5 млрд рубль, яғни шамамен 82 млн доллар деп көрсетілген.
Осы баға Қазақстан сатып алған екі құрылғы құнын 164 млн доллар шамасында деп топшылауға негіз болады. Бұл ретте оларды БАӘ-ден Ресейдің Новороссийск портына дейін жеткізу құнын да ескеру керек.
Ақкенженовтің мәлімдеуінше, бастапқыда қымбат тауарларды 2026 жылғы сәуірде әкеледі деп жоспарланған. Алайда КҚК тағы да дрондар шабуылына ұшырағаннан кейін, құрылғыларды қаңтарда алдыру жолдары қарастырыла бастаған.
Бұған дейін консорциумның жағалаудағы терминалдан ашық теңіздегі танкерлерді мұнаймен толтыратын үш құрылғысы болған. Бірақ оның біреуі жөнделіп жатса, екіншісі қарашаның аяғында дрондар шабуылынан істен шықты. Соның салдарынан шикізат экспорты шектелді.
Қазақстан елде өндірілетін мұнайдың 80%-ын КҚК арқылы Батысқа сатып отыр. Сол себепті экспорт пен өндірістің тоқтаусыз жүруіне қазақ үкіметі мүдделі. Қазірдің өзінде Астана дрондар шабуылынан шығынға батып отыр.