Қырғыздар сегіз жылға созылған үзілістен соң қазақ мұнайын сатып ала бастады

«ҚазТрансОйл» 2025 жылдың аяғына дейін Қырғызстанға 30 мың тонна мұнай экспорттауды көздеп отыр. Көрші ел қараша айында ғана қазақ мұнайын сатып ала бастады. Бұл туралы Kusiv.Media ҚТО мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Ресейдің орнына Қазақстанды таңдады
Қырғыз үкіметі соңғы рет Қазақстаннан шикі мұнайды 2017 жылы сатып алған. Сегіз жылға созылған үзілістен кейін көршілер қазақ мұнайын пайдалана бастады.
Осы уақытқа дейін Қырғызстанның мұнай өнімдеріне ішкі сұранысының шамамен 90%-ын Ресей өтеп келген. Енді Бішкек Қазақстаннан шикі мұнай сатып алу арқылы өз елінде өңдеу көлемін арттыруды көздеп отыр.
Шикізат қытай зауытында өңделеді
Қырғызстанның бірнеше мұнай өңдеу зауыты бар. Ең ірісі – Қара-Балта қаласындағы «Джунда» МӨЗ. Ол «China Petrol Company Junda» қытай компаниясына тиесілі. Зауыт жылына 800 мың тонна шикі мұнай өңдей алады. Қырғызстанға экспортталатын қазақ шикізатының басым бөлігі осы зауытқа жеткізілу керек.
Бұдан бөлек, қырғыздардың Жалал-Абад пен Кант қалаларында да мұнай өңдейтін зауыттары бар. Бірақ олардың қазіргі қуаты ішкі сұранысты 5-6%-ға ғана өтейді. Қазақ шикізаты осы көрсеткішті ұлғайтуға көмектеседі.
«ҚазТрансОйл» шикі мұнайды магистралдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы Түркістан облысындағы «Шағыр» мұнай құю пунктіне дейін жеткізеді. Әрі қарай шикізат теміржол цистерналарымен тасылады.