Қытайлар 160 млрд теңгеге Түркістанда күн электр станциясын салып жатыр

Түркістан облысында ірі күн электр станциясының құрылысы басталды. Қытай компаниясы жүзеге асыратын жоба құны – шамамен 160 млрд теңге. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Қуаты 300 МВт болатын үлкен станция Сауран ауданы Оранғай ауылында салынып жатыр. Кәсіпорында 500-ге жуық жұмыс орны ашылады.
Құрылысты бастау салтанатында сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров қытай инвесторларына алғыс айтты.
«Бүгінгі бастама – экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция», – деді өңір басшысы.
Қымбат жобаны China Energy қытай компаниясы жүзеге асырады. Ол әлемдегі ең ір энергетикалық корпорациялардың бірі.
Түркістан облысында қытай инвестициясының үлесі күннен күнге артып келеді. Бірнеше күн бұрын ғана күншығыс елінің өкілдері өңірде 23 млрд теңгеге джинс шығаратын зауыт құрылысын бастаған.
2025 жылғы қарашаның аяғында Түркістан халықаралық инвестициялық форумында жалпы құны 432,2 млрд теңгенің жеті меморандумына қол қойылған.
Бұған дейін Kursiv.Media қытай инвесторлары Түркістанда дайын үй құрастыратын кәсіпорын ашатыны жөнінде жазған.