БҚО-да үш адам боранда адасып өлді

Батыс Қазақстан облысында боранда адасып кеткен үш адам үсік шалып қайтыс болды. Бұл туралы «Мой город» басылымы хабарлады.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 желтоқсан күні қолайсыз ауа райы салдарынан жоғалып кеткен үш ер адамның мәйіті табылған. Олар – Жәнібек ауданының 57 жастағы тұрғыны, Бөкей ордасы ауданының 25 жастағы тұрғыны және Қазталов ауданының 35 жастағы тұрғыны. Белгілі болғандай үшеуін де үсік шалған.
Ал Ақжайық ауданының 54 жастағы тұрғыны тірі табылды, алайда аяқ-қолы үсіп қалған. Ол Орал қаласына жеткізіліп жатыр.
Қазіргі таңда із-түссіз жоғалған тағы бір адам бар. Ол Жәнібек ауданының 59 жастағы тұрғыны. 13 желтоқсан күні сағат 21:00 шамасында Бұхар Қойгелді ауылдық округіндегі қыстаудан шығып кеткен. Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, әскерилер, полицейлер мен жергілікті әкімдік қызметкерлері жұмылдырылған.
«Қазгидромет» мәліметінше, 15 желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірінде қар немесе қар аралас жаңбыр жауады. Кей өңірлерде боран тұрып, жел күшейеді.