Көш басында Chevrolet: қарашада қазақстандықтар 26 мыңға жуық көлік сатып алды

Биыл көлік саудасының көрігі қызып тұр. «Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) мәліметіне сәйкес, қараша айында елде 25 804 жаңа жеңіл автокөлік пен коммерциялық техника сатылған. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 22,7%-ға жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар айлық сатылым жағынан абсолюттік рекорд орнатып отыр.
Жалпы 2025 жылдың 11 айында қазақстандық дилерлер 207 616 жаңа автокөлік сатқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға көп және елдегі ресми авторитейл тарихындағы ең жоғары нәтиже болып отыр.
ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, қарашада тіркелген сатылымға назар салсақ, отандық автонарықтың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
«Қараша айында ресми дилерлер 25 мыңнан астам жаңа автокөлікті өткізді. Бұл ай рекордтық нәтиже көрсетті. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жаңа автокөлік нарығы былтырғы жылдың толық көрсеткішінен асып түсті, әрі алда бізді белсенді сатылым кезеңіндегі тағы бір ай күтіп тұр. Уәде еткендей, дилерлер серіктестермен бірлесіп, қаржыландыру құралдарының қатарын кеңейтіп, арнайы ұсыныстар мен акцияларды іске қосуда. Дәстүрлі түрде желтоқсан автокөлік сатып алу үшін ең тиімді ай саналады», – дейді ол.
Қараша айында ең көп сатылған көліктер
2025 жылдың қараша айында Қазақстандағы жаңа автокөлік нарығында көшбасшылар қатары ауысты. Chevrolet маркасы 7 777 автокөлік сатып, айлық сатылым бойынша Hyundai-ды басып озды. Бұл – өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 76%-ға өскен. Hyundai 5 261 көлік сатып екінші орынға жайғасты (+37,9%).
Үшінші орынға 1 990 көлік сатқан (+23,1%) Kia орнықты. Jetour бренді де сенімді өсім көрсетіп 1 326 автокөлікті сатып үлгерген (+43,7%). Toyota 1 252 көлікпен (+3,4%) бесінші орынға жайғасты. Ал Chery мен Haval-да сатылымның төмендегені байқалды: сәйкесінше 1 123 көлік (-25,9%) және 1 091 көлік (-24,9%).
Үздік ондықты Changan (1 006; +4,1%), Geely (828; -15,3%) және Jac (597; -43,5%) толықтырды.
Қараша айындағы ең танымал модельдер:
- Chevrolet Cobalt – 7 105 дана
- Hyundai Tucson – 1 945
- Kia Sportage – 1 320
- Hyundai Mufasa – 1 019
- Hyundai Elantra – 907
- Haval M6 – 641
- Hyundai Santa Fe – 614
- Chevrolet Onix – 609
- Changan CS55 Plus – 498
- Hyundai Sonata – 487
Айта кетерлігі, үздік ондыққа енген барлық модель Қазақстанда құрастырылған.
11 айдың қорытындысы бойынша:
- Hyundai – 45 220 көлік (+19,3%)
- Chevrolet – 33 486 (+26,5%)
- Kia – 21 481 (+1,9%)
- Jetour – 13 012 (+55,6%)
- Chery – 12 518 (-7%)
- Haval – 10 424 (+7,8%)
- Changan – 10 131 (+31,6%)
- Toyota – 10 075 (+2,9%)
- Geely – 9 020 (+24,6%)
- Jac – 8 787 (-13,4%)
Еске салайық, Қазақстандағы ресми автодилерлер қараша айының ортасынан бастап қомақты жеңілдіктер мен арнайы ұсыныстар әзірледі. Сатып алушылар үшін тартымды акциялар, тиімді несие бағдарламалары іске қосылды.