Lifestyle

2025 жылы TikTok-тағы трендтер мен үздік креатор кім болды

фото: TikTok

2025 жыл TikTok үшін Қазақстанда ерекше мазмұнға, жаңа есімдерге және ұлттық болмысты әлемге танытқан трендтерге толы кезең болды. Платформа тек ойын-сауық алаңы ғана емес, шығармашылық, білім, шағын бизнес пен мәдени бастамалардың тоғысқан ортасына айналды. Биыл қазақстандық контент миллиондаған көрерменнің назарын аударып, елдің креативті әлеуетін жаңа қырынан көрсетті.

Ұлттық трендтер мен жаһандық қызығушылық

Жыл бойы қазақстандықтар #Наурыз2025 және #нетамашалаймыз хэштегтерімен белсенді контент жасап, мерекелік дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды және кино мәдениетін дәріптеді. Әлемдік жұлдыздар – Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys концерттерінен түсірілген бейнелер, сондай-ақ қазақстандық футболшылардың халықаралық ареналардағы жетістіктері де TikTok-та кеңінен талқыланды.

Қазақстандық мәдениет шетелдік аудиторияны да қызықтырды. Индонезия, Корея, Мексика, АҚШ және басқа елдердің қолданушылары «I’m not Kazakh, but…» тренді арқылы қазақ әндерін орындап, ұлттық әуендер мен аспаптарға ерекше назар аударды. Қайрат Нұртас, Садраддин, Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы, сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің шығармалары TikTok-тағы музыкалық трендтердің көшін бастады.

Қауымдастық таңдауы – 2025

TikTok-тағы маңызды оқиғалардың бірі – #ҚауымдастықТаңдауы2025 байқауы болды. 21 қараша мен 5 желтоқсан аралығында қолданушылар жеті номинация бойынша үздік креаторларды таңдады. Нәтижесінде жергілікті қауымдастықтың сүйіспеншілігіне бөленген авторлар анықталды:

  • Ең үздік ойын-сауық контентінің авторы – Нұрбек Қасымбеков (@daulenuly). Қазақ тіліндегі кино шолуларымен көрерменнің ықыласына бөленді.
  • Ең үздік спорттық креатор – Темірлан Орынбаев (@temirlan_erzhanovich). Футбол жаңалықтары мен талдауларымен танымал болды.
  • Ең үздік танымдық контент авторы – Алтынай Утегенова (@altynai_qazaq_tili). Қазақ тілін үйренуге арналған мазмұн ұсынды.
  • Ең үздік аспаздық креатор – Найля Павловская (@nyakushkaa). Қарапайым әрі дәмді үй рецептерімен бөлісті.
  • Ең үздік саяхат контентінің авторы – Жұлдыз Рахмет (@zhuldyz_rakhmet). Қазақстанның көрікті жерлерін таныстырды.
  • Ең үздік мәдениет контентінің авторы – «Ұлт қазынасы» жобасы (@ult_kazynasy). Ел тарихы мен өңірлік ерекшеліктерді насихаттады.
  • Ең үздік шағын бизнес аккаунты – @doner_na_satpayeva_. Клиенттермен шынайы әрі күлкілі контент арқылы вирустық танымалдыққа жетті.

Маңызды бастамалар мен жетістіктер

2025 жылы қазақстандық педагог Ботагөз Омарова (@botagozomarova2) TikTok-тың халықаралық Discover List 2025 тізіміне еніп, Орталық Азиядан шыққан алғашқы креатор атанды. Бұл білім контентіне деген сұраныстың артқанын көрсетті.

Сонымен қатар #нетамашалаймыз бастамасы отандық киноиндустрияны қолдап, фан-қауымдастықтардың дамуына серпін берді. Ал #Наурыз2025 онлайн-фестивалі екі аптада 25 мыңнан астам бейне жинап, соңғы үш жылда мерекелік контенттің жалпы санын 180 мың роликке жеткізді.

Қауіпсіздік, білім және экономика

TikTok 2025 жылы қолданушылардың цифрлық қауіпсіздігі мен әл-ауқатын нығайтуға бағытталған құралдарын кеңейтті. Қазақ тіліндегі «Ең Алдымен Қауіпсіздік» жобасы іске қосылып, жасөспірімдер мен креаторларға арналған мүмкіндіктер артты.

Платформаның экономикаға әсері де айқындалды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, TikTok-ты белсенді қолданатын әрбір сегізінші кәсіпкер табысының жартысынан астамын платформа арқылы табады. 2024 жылғы есеп бойынша, TikTok арқылы ШОБ 219 млрд теңге табыс тапқан, ал оптимистік болжамда бұл көрсеткіш 438 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

2025 жыл TikTok-та Қазақстан үшін шығармашылықтың, мәдениеттің және білімнің қуатын айқын көрсеткен жыл болды. Платформа ұлттық құндылықтарды әлемге танытып қана қоймай, креаторлар мен кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашты. Алдағы уақытта да TikTok қазақстандықтардың өзін еркін әрі қауіпсіз көрсететін басты цифрлық алаңдарының бірі бола бермек.