Жаңалықтар

Алматы әкімі «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қойды

фото: Алматы әкімдігі

Тәуелсіздік күніне орай Алматыда «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Еске алу іс-шарасына Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес пен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастар қатысты.

Жиналған қауым елдің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында жанын қиған ерлердің рухына бір минут үнсіздік жариялап, тағзым етті. Салтанатты рәсім Алматы өңірлік гарнизонының әскери-рухты оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын орындаумен аяқталды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласының сегіз ауданында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қаза болғандарды еске алуға арналған ас берілетіні туралы жазған едік.