
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Құттықтау мәтінін Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.
Президент өз сөзінде Тәуелсіздік күнінің еліміз үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы күні қазақ халқы Қазақстанды егемен мемлекет ретінде дамыту жолын саналы әрі түпкілікті таңдады.
— Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, осы ұстанымға әрдайым адал боламыз, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың ынтымағы мен бірлігі, өзара қолдауы мен жасампаз еңбегінің арқасында Қазақстан Тәуелсіздікті нығайту жолында елеулі жетістіктерге жеткенін айтты. Сондай-ақ әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістерге тоқталып, жаңа тарихи кезеңнің тың мүмкіндіктер мен сын-қатерлерге толы екенін жеткізді.
Президент мұндай жағдайда ұлт ретінде берекелі бірлікті сақтап, болашаққа сеніммен қарау аса маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, елдің жаһандық беделі мен бәсекеге қабілетін арттыру үшін аянбай еңбек ету қажет.
Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар елімізді жаңғыртуға жол ашатынына сенім білдіріп, Әділетті, Күшті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстан құру стратегиялық мақсат болып қала беретінін айтты.