
Бүгін, 16 желтоқсан күні қазақ өнерінің шоқ жұлдызы, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 96 жасқа толды. Ұлт мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер иесі – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек ері, қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырған тұлға.
Бибігүл Төлегенованың өнердегі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Отан» орденімен және «Тарлан» тәуелсіз сыйлығымен марапатталған. Әнші қазақтың халық әндерін әлемнің ең беделді сахналарында орындап, ұлттық өнерімізді халықаралық деңгейге көтерді. Оның орындауындағы «Гәкку», «Бұлбұл», «Жиырма бес» сынды халық әндері тыңдарман жүрегінде мәңгі сақталып, бірнеше буынның рухани қазынасына айналды. Сонымен қатар Бибігүл Ахметқызы классикалық және опера өнерінің дамуына да айрықша үлес қосып, қазақ вокал мектебінің қалыптасуына ықпал етті.
Еске сала кетейік, былтыр әйгілі әншінің 95 жылдық мерейтойы аясында еліміз бойынша 150-ге жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылып, Бибігүл Төлегенованың өнер жолына арналған кештер мен концерттер өткен еді.