
Freedom Ticketon дерегіне сәйкес, 11–14 желтоқсан аралығында қазақстандық кинотеатрларда ең көп табыс әкелген фильмдер тізімі жарияланды. Кассалық көрсеткіштерге қарасақ, көш басында анимациялық «Аңдар шаһары 2» тұр. Фильм үшінші аптасында 454 млн теңгеден астам табыс жинап, көрермен қызығушылығы әлі де жоғары екенін дәлелдеді.
Екінші орында отандық «Руың кім?» фильмі орналасты. Комедия жанрындағы туынды бір апта ішінде 208 млн теңгеден аса касса жинап, сенімді старт көрсетті. Бұл нәтиже фильмнің алдағы апталарда көшбасшыға айналуына мүмкіндік бар екенін аңғартады. Дегенмен «Аңдар шаһары 2» мультфильмі алғашқы аптада 898 млн касса жинап, жалпы табысы 2 млрд-тан асты.
Үздік үштікті «Фреддимен бес түн 2» фильмі түйіндеді. Қорқынышты жанрдағы бұл картина екінші аптада 117 млн теңгеден астам табыс тапқан.
Айта кетерлігі, отандық «№37» және «Ауру» фильмдері де кассалық тізімге еніп, әлі де көрерменді қызықтырып отыр.