Қасқайған Қайрат Рысқұлбеков немесе әйгілі сурет тарихы (видео)

Тарихи сурет 1987 жылғы 16 маусымда желтоқсаншыларға сот үкімі оқылған сәтте түсірілген. Онда бейнеленген төртеу: ату жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбеков, 15 жылға сотталған Т. Тәшенов пен К. Күзембаев, 4 жылға бас бостандығынан айрылған Е. Көпесбаев.
«Жалғыз сурет үшін жазаландым»
Ауыр жаза алғанына қарамастан, үкімді қасқайып тұрып тыңдаған төртеудің суреті талай адамның қудалануына себеп болды. Солардың бірі – совет дәуіріндегі ҚазТАГ-тың сол кездегі басшысы Жұмағали Исмағұлов. Журналист 2011 жылғы қаңтарда дүниеден өтті. Kursiv.Media тілшісі бұл кісімен 2009 жылы сөйлесіп, бір сурет тарихын білген. Автор 16 жыл бұрын жазылған мақаланы өңдеп, сайт оқырмандары үшін қайта жариялап отыр.
«Жалғыз сурет үшін ғана жазаландым» деген еді сол кезде Исмағұлов.

Рысқұлбековті өлім жазасына кескен сот
Сурет дауы көтеріліске тура жарты жыл өткенде – 1987 жылғы жазда шыққан. ҚазТАГ ол кезде Желтоқсан оқиғасына қатысты екі соттан хабар беріп жүрген. Бірінші сотта нақты кімді айыптағанын Исмағұлов есіне түсіре алмады, ал екіншісінде «парақша таратқан» деп айыпталған Жансая Сәбитованың ісі қаралған.
«Бір күні Жоғарғы соттың төрағасы маған хабарласып, үлкен іс сотта қаралғалы жатқандығын айтты. Айыпталушылардың бірі – Қайрат Рысқұлбеков», – деп еске алды ҚазТАГ-тың бұрынғы басшысы.
Әлбетте, осындай саяси маңызы бар істер ТАСС-қа хабарланады. Жоғарыдағылар «литерлік» газеттерін, ал ҚазТАГ жергілікті газеттерін кешкі сағат 22-ге дейін ұстап отырған.
16 маусымда кешке Қайратқа, тағы үш қазақ жігітіне үкім шығып, «Расплата за бесчинство» деп аталатын мақала жергілікті газеттерде жарияланады. Ал «Огни Алатау» мен «Жетісу» газеттері қасқайған төртеудің суретін де қоса басып жібереді.
Бір сурет дауы
Дау ертесіне – газеттер тарап кеткеннен кейін ғана туған. ТАСС-тан «маңызды оқиға туралы ақпарат үшін алғыс» алып үлгерген Исмағұловты сол күні орталық комитеттің насихаттау бөлімі іздестіріпті.
Оның айтуынша, әуелі сотқа фототілші бармаған, өйткені бұған дейінгі екі процесте суретке түсіруге рұқсат берілмеген. Алайда үкім шығатын күні ТАСС-тың фотохроника бөлімі хабарласып, мұрағат үшін сурет сұратқан екен. Сөйтіп сотқа жас фотограф Юрий Беккер барады.
«ТАСС тапсырмасын орындағаны үшін Беккерге рахмет айтқаным есімде. Бірақ ол суреттер газеттерге берілген жоқ болатын. Мен оларды ешкімге көрсеткен жоқпын. Сөйтсем, сол күні екі газет шықпай қалыпты. Олар ресми ақпаратты бермегеніміз үшін жазалайды деген қорқынышпен осы суреттерді қоса алып кеткен екен, – дейді советтік ҚазТАГ-тың бұрынғы директоры.
Жанжалға себеп болған газеттер – «Жетісу» мен «Огни Алатау».
«Қазақтар көтеріліске шығуы мүмкін» деп сескенді
Сенбі күні Бюрода Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті Үгіт-насихат бөлімінің бастығы Альберт Устинов баяндама жасайды. Ол бұл қызметке 1986 жылы келген, оған дейін советтік «Казахстанская правда» газетін төрт жыл басқарған.
«Исмағұлов оларды «батыр» ретінде көрсетті» дегенде ғана іс насырға шапқандығын, мен «желтоқсаншыл» атанғанымды сездім», – дейді ҚазТАГ-тың бұрынғы басшысы.
Бюро мүшелерінің ешқайсысы партия тапсырмасын орындаған БАҚ өкілдерін қолдамаған.
«Қасқайып тұрған Қайраттың және қазақ балаларының суретін көріп «қазақтар көтеріліске шығуы мүмкін» деп сескенді. «Келеңсіз оқиғаларды тудыруы мүмкін сурет» деген қорытынды жасалды», – деді Исмағұлов.
Төрт адам қудаланды
Бюро шешімімен, ҚазТАГ басшысы Исмағұлов ғана емес, тағы үш адам жұмыстан шығарылды. Олар: агенттіктің хроника бөлімі бастығының орынбасары Вячеслав Вележанский, «Жетісу» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақыпов және әйгілі фотоны түсірген Юрий Беккер.
Олардың көбі 1990-шы жылдардың басында ақталғанға дейін өз кәсіптерімен айналыса алмаған. Исмағұловтың өзі 1992 жылы ғана ақталып шыққан.
2009 жылы автор сол кезде «Казправдада» істеп жүрген Юрий Беккерге де хабарласқан. Бірақ суретке қатысты дауға 22 жылдан астам уақыт өтсе де, фотограф осы тақырып төңірегінде айтып беруден үзілді-кесілді бас тартқан.
«Менің балаларым университетте оқиды. Осы оқиғалардың зардабын жетерліктей тарттым!» деген еді сол кезде фотограф.
Содан бері тағы 16 жыл өткенде ғана Беккер «жабық тақырып» туралы айта бастады. Оның сұхбатын бір күн бұрын Qalamhistory жариялады.
«Ертесіне ол суретті Bild неміс газеті жариялады. Тіпті 500 доллар ақы жіберді, бірақ ақша маған тиген жоқ», – дейді фотограф.
Беккер сот залында түсіріліп, ертесіне тәркіленген фотолардың негативін ТАСС архивінде істейтін достарынан сұратқанын, бірақ олар да ештеңе таппағанын айтты.