Lifestyle

Пайдалы гайд: мерекеден кейін бюджетті қалай тез қалыпқа келтіруге болады

фото: shutterstock.com

Жаңа жыл бір күн ғана тойланады десек те, оған дейінгі дайындық алдын-ала басталады. Туған туыстан бастап, достар, әріптестерге сыйлықтар іздейміз, «Құпия дос» ойынын ойнаймыз, мереке күнгі кешті өткізетін жер дайындаймыз. Мұның бәрі сайып келгенде қалтаға қатты салмақ салады. Сол себепті желтоқсан-қаңтарда жеке бюджетіңізді реттемесеңіз, кесірін қыс бойы тартуыңыз ғажап емес. Осыны ескере отырып, Kursiv Media тілшісі мерекеден кейін ақшасыз қалмаудың жолдары мен бюджетті қалыпқа келтірудің тәсілдерін тізіп, гайд әзірледі.

Неге біз мерекеден кейін көк тиынсыз қаламыз?

Расында, жаңа жылдан кейін көпшілігі қарызға кіріп кетіп, қаңтарда қатты қиналып қалып жатады. Статистикаға қарасақ, кез келген ауқымды мереке қарсаңында, соның ішінде Жаңа жыл таяғанда адамдардың шығыны 25-40 пайызға көбейіп кетеді екен. Яғни оған дейін бір айға емін-еркін жетіп жүрген ақша мереке қарсаңында мардымсыз болып қалады. Ал айлығы шайлығына жетпей жүрген, жалақысының көп бөлігін онсыз да кредит пен міндетті төлемдерге жұмсайтындардың күйі не болмақ? Шығынның айтарлықтай өсіп кетуіне бірден-бір себеп эмоцияға беріліп, қате қаржылық шешімдер қабылдау деп айтылады. Неге олай екенін талдап көрсек:

Басты себептері мынадай:

  • «Ұят болмасын», «құр қол бармайын» дегендей сыңайда қалтаңызға қарамай көп сыйлық алып қоясыз;
  • «Мерекеде өзімді өзім қуантпасам, кім қуантады?» деп импульспен артық зат алып қоясыз. Көбіне дәл осы сыйлықтардың бағасы қымбат әрі бөліп төлеуге алынған болып шығатынын да айта кету керек. Бір қарағанда өзіңізді аялап, мәпелеп жатқандай боласыз. Шын мәнінде, бірнеше айға қаржылық жағдайыңызды нашарлатып жатырсыз;
  • Кімге қандай сыйлық беретініңізді жоспарламай, таяған кезде қымбатқа ұрынасыз. Ал негізі ертерек арзандау жерден алсаңыз болар еді. Тіпті болмаса, шетелдік маркетплейстерден алдын-ала алдырып та ұтатын едіңіз;
  • Әлі түспеген ақшаны есептеп, соның есебінен шегеремін деп ойлап қаласыз. Біреу 16 желтоқсанда да, жаңа жылда да сыйақы беріледі, 13-айлық аламыз деп жоспарлауы мүмкін. Егер оның түсетін-түспейтіні белгісіз болса, болашақта келетін қаражатты ешқашан ойша жаратып қоюға болмайды. Жоспарыңыз іске аспай қалса, көтере алмаған шоқпарды белге байлаған болып шыға келесіз;
  • «Жаңа жылға орай керемет акция болып жатыр» екен деп кредит пен бөліп төлеуге батып қаласыз. Дүкендер дәл осы уақытта маркетиң стратегиясын ойланбай сатып ала салуға итермелейтіндей қылып құрады. Ал қақпанға түсіп қалуыңыз мүмкін;

Енді осы себептерге тереңірек үңіліп қараңызшы. Біреуі болмаса біреуі сізге дәл келетіні анық. Бұдан не байқаймыз? Мәселе жаңа жылда шығынның көбейетінінде емес, сізде нақты стратегия мен қаржы жоспары болмағанынан болады. Егер сауатты жоспар құра алсаңыз, онда жаңа жылды жақсылап атап өтуге де, басқаларға сыйлық беруге де жағдайыңыз жетеді.

Ақшаны желге ұшырып жібермеудің амалдары

1. Қаржылық жағдайыңыздың шынында қандай екенін өзіңізден артық ешкім білмейді. Қиялдай бермей, көрпеңізге қарай көсіліңіз. Қандай сома жаратуға жағдайыңыз жететін болса, сол шамадан аспаңыз. 

Ол үшін, біріншіден, нақты санды біліп алыңыз. Бұл жерде есеп керек.

  • Ақша түсетін барлық шотты тексеріп, қанша қаражатыңыз барын есептеп шығыңыз. Айлық, сыйақы түсетін күні аламын деген емес, дәл қазір бар қаражатты анықтаңыз;
  • Желтоқсанның аяғы, қаңтарда келетін кредит төлемдерін есептеп алыңыз. Айлықты ертерек алуын алып, барлығын есепсіз құртып тастасаңыз, бірнеше күннен кейін кредит төлейтін күн келгенде мерзімін кешіктіріп, біреуден қарыз алып жабуға мәжбүр боласыз;
  • Ай сайынғы міндетті төлемдерді есептеңіз. Азық-түлік, балалардың балабақшасы мен мектебінің ақысы, коммуналдық төлем және т.б.

Қызық бір дерек келтірейік. Статистика бойынша, мерекеден кейін жағдайының қандай болатынын алдын-ала есептеп жүретін адамдардың шығыны 15-20 пайызға азырақ болады екен. Себебі санада нақты сома тұрғанда импульспен әр нәрсені ала бермейсіз.

2. Екі аптаға дижитал детокс жасаңыз

Мұны нағыз керемет тәсіл деп атауға болады. Бұл жерде мәселе үнемде ғана емес, сіздің тұтынушы ретінде санаңызды сілкінтуге бағытталады.

Ол үшін өзіңізге мына нәрселерге ақша құртуға тыйым салыңыз:

  • Маркетплейстерге кірмеңіз. Ештеңеге тапсырыс бермеңіз;
  • Сырттан тамақ ішпеңіз, үйге тамақ алдырмаңыз;
  • «Көңіл-күйімді көтерейінші» деп ойланбай зат алмаңыз.

Оның әсері қандай болады десеңіз:

  • Ақша білінбей жылыстап кетпейді. Негізі біз қаражатымыздың көп бөлігін «ессіз» жаратамыз. Детокс кезінде қай жерге көп ақша кететіні көрінеді.
  • Кей адамдар сапасыз дофамин бөлетін шығындарға құмар болады. Оның шын мәнінде сізге әкелетін пайдасы шамалы. Сондықтан зат алғаннан дофамин бөлу деген құмарлық азаяды.

3. Көрінбей ақша жейтін жолдарды жабыңыз

Телефоныңызды тексеріп, автомат түрде ақша шешіп тұратын сервистерді шолып шығыңыз. Бәлкім, сізге ChatGPT, Netflix жазылымдары керек емес шығар? Ай сайынғы шығындардың шамамен 15 пайыздайы адамның тіпті қолданбайтын сервистеріне кетеді деген статистика бар.

4. Қаражатты бөліп қойыңыз

Шығарып алып бумаға түйіп қойсаңыз да, мобайл банкиңде шот ашып қойсаңыз да ерік өзіңізде. Бастысы мына нәрселерге бөліңіз:

  • Міндетті шығындар;
  • Азық-түлік;
  • Жүріс-тұрыс;
  • Қор;
  • Форс-мажор.

Егер осылай бөлек-бөлек бөліп қойсаңыз, визуал көрініп тұрғанда асыра шығын жасамайсыз.

5. Қаңтарда қарызға кірмеңіз

Көбі қаңтарда қиналып, ақша жеткізе алмай ақыры қолма-қол кредит, займ рәсімдеп жатады. Болмаса, таныстардан қарызға алады. Бұл жерде мына ережені есте ұстау керек: ақша жоқ па – алатын жерді емес, шығынды азайтатын жолды іздеу керек.

Мерекеден соң бюджетті қалай қалыпқа келтіруге болады?

1. Нақты қанша ақша барын, қанша қаражат керегін есептеңіз

  • Картада, қалтада қанша ақша қалды?
  • Осы айда төлеу керек қандай төлемдер бар?
  • Ештеңе алмаймын дегенде осы айда сізге қанша ақша керек?

Барлық жоспарды осы басты есепті жасағаннан кейін ғана құруға болады.

2. Міндетті төлемнен құтылыңыз

  • Пәтерақы;
  • Коммуналдық төлем;
  • Азық-түлік;
  • Жүріс-тұрыс;
  • Интернет;
  • Кредит.

Осы шығындарды алдымен жауып тастаңыз. Сонда ай бойы өзіңізді жайлы сезініп, қамсыз жүресіз.

3. Басы артық шығыннан толық бас тартыңыз

  • Сырттан тамақ ішпеңіз;
  • Кафе, киноға баруды тоқтата тұрыңыз;

4. Қымбат зат алмаңыз

Қаңтар-ақпан айларында

  • техника мен қымбат зат алмаңыз;
  • саяхат жоспарламаңыз.

5. Тамаққа көп шығынданбаңыз

  • Далаға шыққан сайын дүкеннен әр затты ала бермеңіз;
  • Апталық мәзір жасап, сонымен жүріңіз;
  • Тек керек затты ғана алыңыз;
  • Жеткізу қызметін барынша аз пайдаланыңыз.

6. Қор жинай бастаңыз

Мерекеден кейін қайдағы қор деуіңіз мүмкін. Дегенмен табыс түскен бойда бір бөлігін жинап үйренген өзіңізге жақсы. Көлемі көп болуы міндетті емес. Тұрақтылық керек.

7. Биыл не түйдіңіз, соны жазыңыз

Парақ алыңыз да, тізіп шығыңыз

  • Қай жерге көп шығындалдыңыз;
  • Қай шығын артық болды;
  • Келесіде қай қателікті қайталамау керек.