Жаңалықтар

Желтоқсан хроникасы: алаңға шыққан жастардың жанайқайы

Милиция отрядтары Фурманов (Назарбаев) көшесін бойлап тұр / Юрий Беккердің фотосуреті

1986 жылдың желтоқсаны Алматы үшін ерекше суық болды. Қала әдеттегі тіршілігін кешіп жатқандай көрінгенімен, 16 желтоқсан күні бәрі күрт өзгерді. Сол күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында республиканы жиырма жылдан астам басқарған Дінмұхамед Қонаев қызметінен босатылып, орнына Қазақстанға мүлде қатысы жоқ, Ульяновск облысынан келген Геннадий Колбин тағайындалды.

Бұл шешім Мәскеу үшін кезекті кадрлық ауыс-түйіс болғанымен, қазақ қоғамы оны жергілікті халықтың пікірімен санаспау, ұлттық намысты елемеу ретінде қабылдады. Осы жағдай кейін Желтоқсан оқиғасы деп аталған тарихи қарсылықтың басталуына түрткі болды.

16 желтоқсан күні таңғы сағат 10:00-де Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің V пленумы басталып, бар-жоғы 18 минутқа ғана созылды. Мәскеуден арнайы келген КОКП Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі Георгий Разумовский Саяси бюро атынан Қонаевқа алғыс айтып, Геннадий Колбиннің тағайындалғанын жария етті.

Сағат 15:00-де республикалық радиодан пленум шешімі хабарланды. Алайда ақпарат құрғақ түрде беріліп, шешімнің себептері мен мән-жайы түсіндірілмеді. Келесі күні «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері де қысқа хабармен шектелді.

Дәл осы сәттен бастап наразылықтың алғашқы легі студенттік жатақханаларда пайда болды. Жастар бірін-бірі алаңға шығуға шақыра бастады. Конституциялық соттың бұрынғы судьясы, Желтоқсан оқиғасын зерттеуге үлес қосқан заңгер Сабыр Қасымовтың айтуынша, 16 желтоқсан кешінде-ақ Алматы Театр және көркемсурет институтының бір топ студенті қаладағы жатақханаларды аралап, үндеу таратып, ұрандар жазып, қозғалыстың жоспарын жасаған.

Кейін ресми органдар бұл әрекеттерді «арандатушылық» және «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады. 1987 жылғы 20 шілдеде шыққан Алматы қалалық сотының үкімінде студенттердің өзге оқу орындары мен жұмысшы жатақханаларын аралап, жастарды алаңға шығуға үндегені, ұлттық сипаттағы ұрандар жаздырғаны көрсетілген.

Желтоқсан оқиғасының толық хронологиясы мен терең талдауы Qalam сайтында жарияланған. Материалдың толық нұсқасын сол жерден оқуға болады.