
Алматыда жер сілкінсе зақымдану қаупі бар 2800 нысан тіркелген. Арасында мектеп, балабақшалар да бар. Бұл туралы жылдық есеп беру брифингінде қала әкімі Дархан Сатыбалды айтты.
«Проблемалық ғимараттар көп деп айтуға болады. Әкімшілік түгендеу жүргіздік. Соның қорытындысына сәйкес, сейсмикалық күшейту керек деген 2800 нысандар тіркелді. Оның екі мыңға жуығы жекеменшік, ал сексенге жуығы әлеуметтік нысан. Отыздан көп мектептер бар, балабақшалар бар. Олар сейсмикалық күшейтуді қажет етеді», – деді әкім сөзінде.
Сейсмикалық күшейтуді қажет ететін ғимарат деген жер сілкінісі кезінде қауіпсіздігі жеткіліксіз нысан дегенді білдіреді. Сондықтан арнайы инженерлік шаралар арқылы беріктігін арттыру керек.
Алматы тау бөктерінде орналасқандықтан сейсмикалық жағынан қауіпті аумақта тұр. Соңғы рет 4 желтоқсанда қала жер сілкінісі сезілді. Мамандар мәліметінше, қуаты 3 баллға жетті.
Жер сілкінісіне байланысты метро уақытша жұмысын тоқтатты.