Жаңалықтар

«Жел уілдеп, су өтеді»: Шымкентте тұрғындар жаңа үйдің сапасына шағымданды

фото: Дилара Иса

Шымкенттегі «Алма» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үй сапасына шағымданды. Айтуларынша, пәтерді сатып алғанына ай өтпей жатып ши шыққан. Наразы тұрғындар құрылыс компаниясынан мәселені шешіп беруді талап етті.

Биыл Алау Сейдуллақызы «Наурыз» бағдарламасымен «Алма» тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі пәтер сатып алған. Ол үшін жылдар бойы кезекте тұрған. Десе де отбасының баспаналы болдық деген қуанышы көпке созылмапты. Алған пәтердің есік, терезесінен жел уілдеп, жауын-шашында су өткен. Еденге төселген линелиум көтеріліп кеткен.

Тұрғындар мәселе тек бір пәтерде емес деп отыр. Олардың сөзінше, тұрғын үй кешеніндегі ондаған пәтерден ақау шыққан. Шатыр мен бірге жертөлеге де су жиналады. Жеделсаты дұрыс жұмыс істемейді. Кейде тоқтап қалып, ішінде адам қалып қояды.

21,5 млн теңгеге 2 бөлмелі пәтер сатып алған Гүлназ Мақсұтова үйдің сапа нашар екенін айтады. Ол пәтерін қаңтар айында сатып алған. Айтуынша, жауын-шашын болған сайын тұрғындардың ортақ чатында шу шығады. Көпшілігі терезе мен қабырғадан су өткеніне шағымданады.

«Үй жылымайды. Есік-терезеден жел кіреді. Бала-шағаға обал болды, қыстай жаурап шығады. Су өте-өте заттардың бәрі бүлінді. Жеделсатының сиқы – мынау. Есігі дұрыс жабылмайды. 15 жылға ипотекаға алдым. Ай сайын 180 мың теңге төлеп, су өтіп жатқан үйде тұруға мәжбүрміз. Су өтіп болкондағы терезелер құлай бастады, қабырға сарғайып кетті»,- дейді ол күйініп.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, үйдің құжатына қатысты қиындық туындаған. Бұл туралы тұрғындар құрылыс компаниясына шағымданған. Алайда әлі күнге нәтиже болмай тұр.

«Негізгі уәжім, құжат мәселесі. Құжаттарды тексердік, құзырлы орындарға бардық. Халыққа қызмет көрсету орталығына, әкімдікке, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына бардық. Олар жол көрсетті. Тексере келе құрылысқа дейін жер басқа кадастр нөмірімен берілген. Кейіннен кадастр нөмірі өзгертілген. Не үшін өзгертілгені бізге белгісіз. Енді осы мәселеге де алаңдап отырмыз» дейді тұрғын үй кешенінің тұрғыны Саржан Бақытжанұлы.

Тұрғындардың шағымымен тұрғын үй кешенін салған «DALA-CONSTRUCTION.KZ» құрылыс компаниясының әкімшілігі таныс. Компанияның дерегінше, шағым негізінде жұмыс басталған. Мәселе, мердігер компаниялардың сапасыз жұмысында.
Компанияның заңгері Асылбек Мәуленовтің айтуынша, «Алма» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер 2023 жылдан бері сатылымға шығарылған. Онда 108 пәтер бар. Оның басым бөлігі сатылған.

«Тұрғындар терезе бойынан және жоғарыдан су өтуіне байланысты шағымданған. Шағымға байланысты жұмыс істейміз. Жұмыс істеген мердігер компанияларды қазір шақырдық. Олар біздің құрылыс компаниямызбен жасалған келісімшарт бойынша кепіл мерзімі өткенше жұмыс істейді. Тұрғындардыі уәжі толықтай орындалады», – дейді заңгер.

Ал тұрғындар құрылыс компаниясы мәселені тез арада реттеп бермесе, сотқа дейін барамыз деп отыр.