
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин екінші жыл қатарынан елде астық рекордтық деңгейде жиналғанын мәлімдеді.
Үкімет отырысында Жұманғарин өнім көлемі шамамен биыл 27 млн тоннаға жеткенін айтты.
«1 млн тонна көлемде бұршақ дақылдарының және 4,7 млн тонна көлемде майлы тұқымдардың рекордтық өнімі алынды.
Мақта жинау бойынша жоғары көрсеткіштер күтілуде. Жалпы сала бойынша ең жоғары өсуді Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті», – дейді ол.
Барлық 7 негізгі көрсеткіш бойынша өсім 12 өңірде тіркелген. Атырау облысында 3 көрсеткіш бойынша төмендеу бар.
Айта кетейік, бұған дейін елде рекордты көлемде астық жиналғаны жайлы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім еткен еді.
2025 жылғы егін науқаны Қазақстан ауыл шаруашылығы үшін табысты жыл болды. Ел бойынша 16 млн гектар егіс алқабынан гектарына орта есеппен 17 центнерден өнім алынып, барлығы 27 млн тонна астық қамбаға құйылды.