
Қаңтар оқиғасы кезінде күйеуі қайтыс болған әйелдерге пәтер берілуі мүмкін. Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды айтты.
БАҚ өкілдері брифинг барысында «Қаңтар кезінде әскерилердің оғынан күйеуі қайтыс болған әйелдерге баспана берілуі керек пе? Әйелдердің талабы орындала ма?» деп сұрады.
«Күйеуі Қаңтарда қайтыс болған үш әйел жеке қабылдауыма келді. Осындай жағдайға ұшыраған отбасыларға қордан да, әкімдік жағынан да көмек берілген. Көмек мен қызметке тағайындалған уақытқа дейін көрсетілген.
Әйелдердің пәтер сұрап жатқанын естідім. Анық-қанығын қараймыз. Заң талабына сәйкес, олар кезекке тұрып, соған сәйкес пәтер алуы керек. Отбасы жағдайына қатысты мәлімет жинауды тапсырдым. Қиын жағдайда болса, демеуші іздейміз», – деді қала әкімі.
Айта кетейік, 2022 жылы Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезінде 238 азамат қайтыс болғанын хабарлады. Ішінде күштік құрылымдардың 19 қызметкері бар. Ал 6 адам азаптаудан қайтыс болған.
Қаза тапқандардың тізімін мына жерден көруге болады.
Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қаңтар оқиғалары кезінде зардап шеккен 540 адамға жалпы 2 млрд 112 млн теңгеге көмек көрсеткен.