Жаңалықтар

Алматыдығы крематорийді күтіп-ұстауға қаржы кетпейді – Дархан Сатыбалды

фото: er-ai-construction

Алматыда 1,5 млрд теңгеге салынған крематорийдің қашан пайдалануға берілетіні белгісіз. Себебі нысанның жұмысын реттейтін заңнама жоқ. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты.

«Крематорийдің не үшін салынғанын білмеймін. Үлкен жоба іске асырылған, алайда оны қолдану талаптары заңнамада көрсетілмеген. Қолдану ережесі де жоқ. Құрылыс аяқталған, оны денсаулық сақтау басқармасының балансына бердік. Осы мәселені шешіп беруі үшін ұлттық экономика министрлігіне жүгіндік. Заңнамаға өзгеріс енгізіп, қолдануға мүмкіндік беруін сұрадық», – дейді қала әкімі.

Айтуынша, нысан құрылысына 1,5 млрд теңге жұмсалған. Ал нысанды күтіп-ұстауға қаражат жұмсалып жатқан жоқ.

«Ол жерде тек ғимарат бар, штат та жоқ. Күтіп-ұстауға қаражат жұмсалып жатқан жоқ», – дейді әкім.

Бұған дейін «Курсивтің» орыс тіліндегі редакциясы 2024 жылы крематорийді күтіп-ұстауға 2,4 млн теңге жұмсалғанын жазған. Ал 2025 жылдың қарашасына коммуналдық қызметке 1,8 млн теңге жұмсалған.

Қалада крематорий салу туралы бастама 2020 жылы коронавирус пандемиясы тұсында көтерілді. Ол кезде қаланы Бақытжан Сағынтаев басқарды.

2025 жылдың 17 қазанында нысан құрылыс басқармасы балансынан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Қалалық патологиялық-анатомиялық бюро» ШЖҚ КМК балансына берілді.