Жаңалықтар

Тоқаев елде салынатын екінші АЭС туралы айтты

Екінші АЭС те Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады/бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде салынады деп жоспарланған екінші атом электр станциясы (АЭС) туралы айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Балқаш атом электр станциясының құрылысы, одан кейінгі салынатын екінші АЭС Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ ядролық энергетика сияқты маңызды салада жаңа бағыттардың дамуына септігін тигізеді. Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді», – деді президент.

Айтуынша, әлемде қуат көздеріне қызу тартыс жүріп жатыр. Бұған сақадай сай болған жөн.

Бұған дейін екінші атом электр станциясы салынатын аймақ ресми түрде анықталды. Бұл нысан да Алматы облысының Жамбыл ауданында салынатын болды. Ал елдегі алғашқы АЭС Үлкен ауылы маңында салынады. Ол «Балқаш» деп аталады.

110 миллион тонна көмір өндіріледі

Тоқаевтың айтуынша, мемлекет жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да көңіл бөліп отыр.

«Еліміздегі көмір қоры – шамамен 33 миллиард тонна. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамытуға баса назар аударып отырмыз. 5 жылда осы салаға 2,5 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Нәтижесінде энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты», – деді Тоқаев.

Айтуынша, елде жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн.

«Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент энергетика саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.