Жаңа жыл қарсаңында қосымша 100 әуе рейсі іске қосылады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қосымша рейстер бірнеше бағыт бойынша ашылады/фото: shutterstock

Мерекеге орай елде қосымша 100 әуе рейсі ұйымдастырылады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мереке күндері әуежайлар мен әуе компанияларының жұмыс режимін күшейтуге қатысты жиын өткізді. Оған Air Astana, FlyArystan, SCAT, VietJet Qazaqstan әуе компаниялары, сондай-ақ Астана және Алматы әуежайы басшылығы қатысқан.

Мерекеде жолаушылар сұранысы артады, сол себепті бірнеше бағыт бойынша қосымша рейстер қосылады. Олар: Астана – Алматы, Алматы – Орал, Алматы – Семей, Астана – Түркістан, Астана – Ақтөбе, Алматы – Ақтау, Алматы – Ақтөбе және Астана – Шымкент бағыты.

Сондай-ақ Астана және Алматы әуежайында мереке күндері авиация инспекторлары жүреді. Олар жолаушылардың құқығын қорғау және рейстердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Әуе компаниялары мен әуежайларға рейстер кешіктірілген жағдайда жолаушыларға ыстық тамақ пен сусын беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ рейс кешіккен жағдайда жолаушыларды ресми сайт, әлеуметтік желі, мобильді қосымша, әуежайлардағы ақпараттық таблолар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел хабардар етуге тиіс.

Ал жолаушыларға рейстердің статусы мен ұшу уақытын әуе компаниялары мен әуежайлардың анықтама қызметі, ресми сайт пен мобильді қосымша арқылы алдын ала нақтылау ұсынылады.

Бұған дейін жаңа жыл қарсаңында қосымша пойыздар іске қосылатыны хабарланды. Қосымша рейстер 23 мың жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді. Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан сатып алуға болады. 

2026 жылдың басында қазақстандықтар бірнеше күн қатарынан демалады.

30 және 31 желтоқсан – жұмыс күні. Аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 1-4 қаңтар аралығында демалады.

Сондай-ақ оқыңыз