
Kazakhstan Ziraat International Bank (KZI Bank) қаржы бақылау талаптарын бұзғаны үшін 9,6 млн теңге айыппұл арқалады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) деректерінде көрсетілген.
Реттеуші органның мәліметінше, банкке 9,6 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Тиісті шешім 2025 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған.
Әкімшілік құқық бұзу ақша және өзге де мүлікпен жасалатын, қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы ақпараттың уәкілетті органға ұсынылмауына байланысты тіркелген. Сонымен қатар банк тарапынан клиенттерді тиісінше тексеру талаптары сақталмағаны көрсетілген.
Банк «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» талаптарын бұзған. Банк айыппұлды 2026 жылғы 10 қаңтарға дейін төлеуге міндетті.
Қаржы ұйымының жалғыз акционері – Түркияның мемлекеттік банкі Ziraat Bank.
Бұған дейін де реттеуші бірқатар банкке ескерту жасап, айыппұл салған.