«ҚазТрансОйл» компаниясы Еуропада өкілдігін ашпақ

«ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы ЕуроОдақ аумағында өз өкілдігін ашады. Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес, компанияның филиалы Польшада құрылатын болды. Бұл – «ҚазТрансОйлдың» ЕО-дағы алғашқы ресми құрылымы.
Компанияның мәліметінше, Польшадағы филиал «ҚазТрансОйлдың» осы елдегі мүддесін қорғаумен айналысады. Сонымен қатар қазақ мұнайын өзге мемлекеттердің құбыр жүйелері арқылы тасымалдауды ұйымдастыруға қатысады. Бұл бағытта Беларусь аумағы арқылы өтетін транзит те қамтылады.
Филиалдың тағы бір маңызды функциясы – «Адамова Застава» пунктінде мұнайды қабылдау және тапсыру кезінде есепке алу операцияларын жүргізу. Аталған пункт арқылы қазақстандық мұнай Еуропа елдеріне жеткізіледі.
«ҚазТрансОйл» бұл жобаның стратегиялық маңызын атап өтеді. Компанияның түсіндіруінше, Польшадағы өкілдіктің ашылуы Германияға қазақстандық мұнайдың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізілімдер осы бағыт аясында жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 3 желтоқсанда ҚТО-ның Батумидегі терминалында жұмыс істейтін үш азамат ұсталған. Грузия тергеу қызметінің дерегінше, олар компанияның лауазымы жоғары басшылары. Терминалдың 100% үлесіне «ҚазТрансОйл» ие. Ал ҚТО акцияларының 90%-ын «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұстап отыр.